Бородулиха ауданында ұстаздар қауымына арналған салтанатты жиын өтті. Мереке аясында ардагер ұстаздар мен қазіргі білім беру саласының өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті.
Салтанатты іс-шара әуелі бейнеролик пен музыкалық көріністерден басталып, сахнаға жүргізушілер шығып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Аудан әкімі Айдар Ибраев ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, білім беру саласының маңыздылығына тоқталды:
– «Ұстаз – ұлттың ұлы тұлғаларын тәрбиелейтін, жас ұрпақтың жүрегіне білім мен парасат дәнін себетін абыройлы мамандық иесі. Әрбір жетістік – ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында педагогтардың мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге деген зор сенім мен құрметтің айқын көрінісі», – деді аудан басшысы.
Мерекеде сала үздіктері марапатталып, алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар білім бөлімінің басшысы Гүлнұр Катаева ұстаздарды құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды. Кәсіподақ ұйымының төрайымы Кулия Заматовна да жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Жиында ұстаздардың жетістіктері де ерекше аталып өтті. Атап айтқанда, Жезкент кентіндегі лицейдің информатика пәні мұғалімі Наталья Геннадиевна Елюбаева облыстық байқауда үздік нәтиже көрсетіп, «Үздік педагог – 2025» республикалық кезеңінде аудан намысын қорғайтын болады.
Мерекелік кеш оқушылардың ән-жырына, биіне ұласып, концерттік бағдарлама ұсынылды. «Ұстаз әні», «Анамның шайы», «Бір ел болсам» сынды әуендер шырқалып, аудан өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қорытынды сөзде ұйымдастырушылар ұстаздық мамандықтың ұлылығын тағы бір мәрте атап өтті. Ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім – елдің ертеңін айқындайтын басты құндылық екендігі айтылды.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»
 

