Ұлыстың ұлы күні Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс-берекенің арқауы, тек адамзаттың ғана емес, табиғаттың да жаңарып, бой түзейтін шағы. Бұл мерекені еліміз зор ықыласпен күтеді. Бородулиха ауданындағы барлық ауылдық округтерде әр түрлі шаралар ұйымдастырылып, Әз-Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды.
Аудан әкімі Айдар Ибраев аудан тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, елімізге амандық, әр отбасыға бақыт тіледі.
Аразды татуластырып, елді бірлікке шақырып, қара қазанды қайнатып, сары самаурынды жайнатып келген бұл мерекеде ұлтымыздың рухани ерекшеліктері, халықымыздың салт-дәстүрлері көрсетілді. Қызыр баба келіп бата беріп, ақ кимешек киген аналар қазақы дәстүрмен жөн-жоралғылар жасады. Қаз- қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер, театрландырылған көрініс тұрғындар көзайымына айналды. Жиылған жұртшылық ақшаңқан үйлерге кіріп, наурыз көжеден дәм татып, ырзашылықтарын білдіріп жатты.
Мерекелік бағдарламада спорттық сайыстарға да айрықша көңіл бөлінді. Арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Барлық жеңімпаздар мадақтама қағаздармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»