Қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы биыл бұрын-соңды болмаған ауқымда өтті. Әдетте, жыл сайын атап өтілетін мереке биыл он күнге созылды.
Семей қаласы мен Жидебай өңірі мереке орталығына айналды. Қаланың басты көшелері ұлттық нақышта безендіріліп, ақынның туған жерінде қаз-қатар тігілген киіз үйлер қонақтарға есігін айқара ашты. Қала мен далада күмбірлеген күй мен әуелеген ән Абай деп соққан жүректерге сәуле құйып жатты. Он күн бойы бүкіл әлем Абай деп сөйлеп тұрғандай болды.
Бұл мерекеге тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шет елдерден де қонақтар келді.
Осы орайда «Кім келді?» дегеннен гөрі, «кім келмеді?» деген сауал орынды болар…
Бұл тек ақынды еске алу емес, Абаймен тыныстап, Абайша ойлап, Абайша өмір сүруге ұмтылған он күн болды.
Абай-мәңгі!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. «Ұлылар мекені» – Абай ауданында өткен онкүндік шаралар ақын мұрасын ұлықтап, халқымыздың рухын асқақтатты.
Ертеден «Ұлылар мекені» атанған Абай ауданындағы мерекенің шарықтау шегі 8-10 тамыз күндері Шыңғыстауда өтті. Қарауылтөбе баурайында тігілген 180 ақшаңқан киіз үй қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынып, қазақ қонақжайлығын паш етті. Киіз үйлер арасына асфальт төселіп, жарық пен су тартылды, алыстан көз тартатын сахна орнатылды. Бұл – Абай ауданы әкімдігі мен ел азаматтарының бірлескен еңбегінің жемісі.
Қарауылтөбе биігіне орнатылған «Абай елі» стелласы мерейтойдың басты нышанына айналды. Алыстан көз тартатын бұл ескерткіш өз атауына сай, ақындар мен батырлар мекені – Абай елінің айбары іспетті.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, ақын Төлеген Жанғалиев, ардагер журналист Совет Махметов бастаған ауданның ақсақалдары мен ардақты аналары қатысты.
– Ел-жұрттың береке-бірлігінің арқасында республикалық деңгейдегі тойды ойдағыдай өткіздік деп ойлаймын. Басқа облыстардан келген делегациялар да қолдау көрсетіп, бір-бір нысан салып бермек. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының арқасы. Абай елі – ақындар мен батырлар елі. Бүгінгі мерейтойда Қарауылдың мән-маңызы айқын көрінді, – деді Берік Уәли.
Ескерткіш төрт тұғырдан тұрады. Арнайы баспалдақпен өрлеп шығуға болады, ал екі қапталы металл сүйенішпен жиектелген. Еуропалық стильде безендірілген тұғырлардағы бейнелер де мәнді: Бірінші тұғырдағы қауырсын қалам – «Өлең – сөздің патшасы» деп өсиет еткен Абайдың ақындық құдіретін паш етеді. Екінші тұғырдағы қалқан – ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің рухын айшықтайды. Үшінші тұғырдағы домбыра – Абай әндерінің сырлы мәнін бейнелейді. Төртінші тұғырдағы ақбесік – ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті ұғымды меңзейді.
Ескерткіштің төбесінде – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған, тыныштық пен тұрақтылықтың символы саналатын қарлығаш бейнесі.
Мүсінші Нұрбол Қалиев туындының мағынасына айрықша мән бергенін айтады:
– «Абайдың шығармашылығы мен өнер құдіретін, кешегі мен бүгінгі дәуірді, ел
бірлігі мен тыныштығын бейнелеуді мақсат еттік. Соның нәтижесінде осындай еңселі ескерткіш дүниеге келді», – дейді ол.
Айта кетейік, Нұрбол Қалиевтің Абайға қатысты еңбектері семейліктерге жақсы таныс. Оның қолынан шыққан «Абай балаларымен» және Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов бейнеленген «Ұстаз бен шәкірт» ескерткіштері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан жоғары бағаланған.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Қарауылтөбе биігіне көтерілген мерейтой қонақтары ұлы даланың сұлу көрінісін тамашалап, «Абай елі» атанған өңірдің көркіне сүйсінді.
Тойдың шоқтығы биік сәті – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізу үшін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы Қарауылтөбеге келуі болды. Мәулен Сағатханұлы Президенттің мерейтойды жоғары деңгейде, ЮНЕСКО аясында өткізу қажеттігін атап өткенін жеткізіп, Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау хатын оқыды.
– «Абай – төл мәдениетімізді өркендеткен, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның мол
мұрасы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың қазынасы. Соңғы жылдары ақын шығармашылығын насихаттау бағытында кешенді жұмыстар атқарылды. Абай облысының құрылуы, Абай күнінің бекітілуі – ұлттық руханиятқа жасалған айрықша тағзым», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы Алматыда салынып жатқан Абай ұлттық мектебінің маңызын атап өтіп, оның болашақта қазақ зиялыларының жаңа буынын тәрбиелеуге қызмет ететінін жеткізді. Сондай-ақ, Әділетті Қазақстан құру идеясының өзегі – Абайдың «Толық адам» қағидаты екеніне тоқталды.
Мәулен Сағатханұлы сөз соңында облыстың дамуы оның басшысына да байланысты екенін айтып, аймақ әкімі Берік Уәлидің еңбегіне жоғары баға берді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы тек құр мақтан не дабыра емес, тағылымы терең рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеуімен есте қалды. Соның жарқын мысалы – қазақтың жайлауға көшу көрінісінің сахналануы. Облыстың әр ауданынан келген өнерпаздар көш түзеп, көрерменге ұлттық болмысымызды айшықтады. Көш құрамында бүркіт ұстаған, тазы жетектеген жігіттер, найза ұстаған батырлар, жүк артқан түйелер, сәнді киінген бойжеткендер мен ақ жаулықты әжелер – бәрі-бәрі қазақы салт-дәстүрдің көркем бейнесін көрсетті.
Режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың жетекшілігімен Абай атындағы театр, «Дариға-ай» жастар театры, Достоевский атындағы театр әртістері, Ә. Қашаубаев атындағы облыстық филармония мен «Қаламқас» ансамблінің өнерпаздары бірлесіп қойған «Бала Абайдан дана Абайға» қойылымы да көрерменді ерекше әсерге бөледі. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан алынған бала Абайдың үш жылдық оқуынан кейін ауылға оралу сәті шынайы сомдалды. Әжесі Зеренің «Бар, алдымен әкеңе амандас» деген бір ауыз сөзі қазақы тәрбиенің терең мәнін аңғартты.
Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіне құрылған көріністер мен ұлы ақынның кемел шағын бейнелеген актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың жүрекке жеткен орындауы да көптің көңілінде қалды.
Мерейтой аясында өткен «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі де кең ауқымымен ерекшеленді. «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Қыран бүркіт», «Құмай тазы» сайыстарымен қатар, «Аламан бәйге» мен «Топ бәйге» жарыстарының жеңімпаздары ел ықыласына бөленді. Қазақ күресінің «Түйе палуан» және «Өгіз палуан» белдесулері де көпшіліктің назарын аударды.
Жүлдегерлерге облыс демеушілері атынан 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйға тартылуы – ел азаматтарының бірлігі мен мәрттігінің айқын көрінісі болды.
Абай Құнанбайұлының ауылында өткен думанды тойда тоғызқұмалақ ойынына ерекше мән берілді. Тарихтан белгілі, ұлы ақын кезінде ауылына арнайы ойыншы алдырып, осы ұлттық ойынның көрігін қыздырған. Биылғы мерекеде алғаш рет тоғызқұмалақтың жеңімпазына автокөлік сыйланды. Бұл мәртебеге шымкенттік Ғалымжан Темірбаев лайық деп танылды.
Сондай-ақ, Семейден Қарауылтөбеге дейінгі 180 шақырымдық қашықтықты 19 сағат 9 минут 45 секундта жүгіріп өткен батысқазақстандық жеңіл атлет Баубек Ильясов та автокөлік иесі атанды. Қазталов ауданының тумасы, кәсіби мұғалімнің бұл жетістігі көпшілікті тәнті етті.
Күш сайыстарында да тартыс жоғары болды. «Түйе балуанда» маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, «Өгіз балуанда» алматылық Жігер Еркінұлы топ жарды. Ат бәйгесінде Алматы облысының жүйрігі «Топ бәйгеде» бірінші келсе, «Аламан бәйгеде» павлодарлық шабандоз жеңді. Жорға жарысында Қырғызстаннан келген сәйгүлік мәре сызығын бірінші болып кесті. Барлық жүлдегерлер автокөлікке ие болды.
Облыс әкімі Берік Уәли жеңімпаздарға шынайы құрмет көрсетіп, марапаттарын өз қолымен табыстады.
Дүбірлі той «Желсіз түнде жарық ай…» атты гала-концертпен түйінделді. Жалпы, Абайдың 180 жылдық мерейтойы Семейде және ақынның туған жерінде жоғары деңгейде өтіп, ел есінде тағылымды бастамаларымен қалды.
Ш. Доскеева,
“Жаңа уақыт»