Сұрапыл соғыс жылдарында елімізден талай боздақ бейбітшілік үшін майдан даласына аттанды. Елде қалған егде жастағы қарттар мен қыз-келіншектер, бұғанасы қатпаған балалар тылда еңбек етті. Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі орасан зор.
Мереке күні Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев тыл еңбеккері Шәрбан Сембайқызының шаңырағына барып, құттықтады.
Тыл ардагері 1930 жылы Бородулиха ауданында туған. 12 жасынан бастап еңбек еткен Шәрбан Сембайқызы және оның замандастары балалық шағында көп ауыртпашылық көрді. 1947 жылы Шәрбан Сембайқызы өмірлік жары Уәш Сатыбалдинге тұрмысқа шығып, соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіру кезеңінде де, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда да олар қиыншылыққа мойымай, бір-біріне қолдау болып, аудан экономикасын көтеруге сүбелі үлес қосты. Тыл ардагері кеңшарда да, ұн комбинатында да еңбек еткен. 73 жыл отасып, 10 перзентке өмір сыйлаған ата-ана 24 немере, 43 шөбере сүйген. Отағасы 4 жыл бұрын өмірден озыпты.
Аудан басшылығы көрсеткен құрметке ризашылығын білдірген әже алғыс айтып, батасын берді. Ұрпақтарымыздың бейбіт өмірде бақытты да баянды ғұмыр кешуін, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тіледі.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»