Биыл Бородулиха ауданын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, әр ауылдық округте жол жөндеу, көшені жарықтандыру, фельдшерлік бөлімшелер ашу, ауылдық клубтар салу сынды бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин халық алдындағы есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Жақында аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Петропавловка, Зубаир ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықпен жүздесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ дербес бөлімдердің басшылары қатысты.
Ең алдымен, Петропавловка ауылдық округінің әкімі Марат Жүнісовтың осы аумақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, жалпы, ауданда қолға алынған шаралардың барлығы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына негізделген. Аталған округтің маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Әкімнің сөзіне сүйенсек, бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
— Өткен жылдың көктемінде тұрғын үйлерге су басу қаупі төнген учаскелерді тазалау бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға сәйкес, округтегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ауылдық округте кездесетін әртүрлі мәселелерді шешуге жергілікті қауымдастық, Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі өз көмегін көрсетеді, – деді округ әкімі.
Оның сөзінше, жеке кәсіпкер Равиль Садықов өз қаражатына ауыл орталығында «I love Petropavlovka» деген жазуы бар белгі түрінде стелла орнатқан. Ауданды абаттандыру бойынша екі айлық өткізу барысында округ аумағын тазарту бағытында белсенді жұмыс жүргізілген. Округте аумақты тазалау бойынша 41 сенбілік өткізіліп, 45 текше метр қоқыс шығарылған.
2022 жылы округте бірқатар маңызды жобалар аясында жұмыстар жүргізілген. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Металлургстройсервис» ЖШС 92 млн 511 мың 600 теңге көлеміндегі қаражатқа «Петропавловка ауылының көшесін орташа жөндеу» жұмыстарын атқарды. Жұмыстар ұзындығы 9.1 км ауылдың 5 көшесінде жүргізілді. «Finansinal Group Allalit» ЖШС 15 млн 440 мың теңгеге «Петропавловка ауылының көшесін жарықтандыру құрылғысы» жобасын орындады. Ауылдың барлық 6 көшесіне ұзындығы 9.1 км 170 тірек орнатылды. Barlyk LTD ЖК күшімен жергілікті қауымдастық қаражатынан 3 млн 787 мың теңгеге саябаққа ағымдағы жөндеу жүргізілді.
— Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық салаларында көрсеткіштер тұрақты. Абай облысы Бородулиха ауданы Петропавловка ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің барлық жұмысы округ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Аптасына екі рет азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізіледі. 2022 жылы ұйым басшылары мен ұжымдарының, актив мүшелерінің, жергілікті қоғамдастықтың, жұртшылықтың және округтің барлық тұрғындарының күшімен бірқатар мәселелер оң шешімін тапты, — деді ауылдық округ әкімі Марат Жүнісов.
Оның айтуынша, 2022 жылғы егін егу науқаны сәтті және аймақ үшін қолайлы мерзімде өткен. Округтің маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Осы орайда, «Родина», «Славутич» шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған үш ангар мен бір ЗАВ-40 құрылысына жеке қаражат есебінен 190 млн теңге жұмсады. 414 млн 749 мың теңгеге 13 бірлік ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды.
Округте мал шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылған, бұл бағытта 8 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мәселен, «Василек» шаруа қожалығында 596 бас ірі қара мал, 100 бас жылқы, 1480 бас қой бар. «Родина» шаруа қожалығында 400 бас жылқы бар. Округ бойынша шаруа қожалықтарда барлығы 1109 бас ірі қара мал, 1640 бас ұсақ мал, 588 бас жылқы ұсталады.
— 2023 жылы Петропавловка ауылдық округіндегі ауылдық мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасау, округте спорттық өмірді дамыту, ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының күшімен ауыл ішіндегі жолдарды тазарту бойынша жұмыстарды жалғастыру, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру, 2023 жылы демеушінің қаражаты есебінен демалыс саябағында воркаут алаңын орнату жұмыстары жоспарлануда, — деді, округ әкімі.
Бұдан кейін аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин 2022 жылы атқарылған істер жайында халық алдында есеп беріп, жыл соңына дейінгі жоспарлар туралы айтып берді.
— «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы елді мекендердегі көшелерді жөндеу бойынша жалпы сомасы 364 млн теңгеге жұмыстар жүргізілді. Петропавловка ауылының ұзындығы 9,1 шақырым болатын көшелеріне 150 млн теңгеге орташа жөндеу, 97 млн 700 мың теңгеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 2022 жылдың мамыр айында Петропавловка ауылында магистральдық желілері бар су тарту құрылыстарын салу жұмыстары басталды, оған 48 млн 100 мың теңге бөлінді. 2022 жылы ұзындығы 5,2 шақырым болатын су құбыры тартылды. 2023 жылы екі ұңғыманы бұрғылау, 1-көтергіштің сорғы стансасын орнату, 10 кВ әуе желісін тарту, трансформаторлық қосалқы станса орнату, су тарту құрылыстарының алаңын қоршау және абаттандыру жұмыстарын орындау қажет. Осы жылға 64 млн 410 мың теңге бөлінді. Жобаның аяқталу мерзімі – 2023 жылдың қараша айы, — деді, Ахметқали Ахашұлы.
Бұған қоса, 2023 жылы аудандағы бес елді мекенді дамыту және салу схемаларын әзірлеуге 28 млн теңге қаржы қаражаты бөлінген екен. Олар – Переменовка, Петропавловка, Коростели, Дмитриевка, Камышенка, Белағаш ауылдары мен Ауыл станциясы.
— Бұл жобалар бойынша жобалық ұйымды анықтау үшін конкурстық процедуралар жүргізіледі. 2023 жылы денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер болады. Петропавловка ауылында дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау, сондай-ақ нысанда жаңғырту шеңберінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін Ахметқали Нұрғожин Зубаир ауылдық округінде халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Өз сөзінде аудан әкімі алға қойылған мақсаттардың нәтижелі болу үшін тоқсан сайын есеп беру кездесулерін өткізу қажет екенін атап өтті. Жиын барысында Ахметқали Ахашұлы 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баяндама жасады.
— Өткен жыл еліміз үшін де, аудан үшін де табысты жыл болды деп айтуға болады. Жаңа облыс құрылып, ауданымызда көптеген жобаларды қолға алдық. Өткен жылдың қорытындысы ретінде бүгін өздеріңізбен кездесіп, атқарылған істер, биылғы жылғы жоспарлар жайлы ақпарат беріп, қойылатын сауалдарға жауап беру үшін есептік кездесуге келіп отырмын. Биыл ауданымызға 95 жыл толып отыр. Биыл тарихи, нақты істерге толы жыл болады деп ойлаймын. Барлық үлкен іс-шараларды ауданымыздың 95 жылдығы аясында өткіземіз, – деді ол.
Аудан әкімі 2022 жылы тұрғындар тарапынан 127 мәселе көтеріліп, ұсыныстар айтылғанын, олардың негізінен, ауыз су мен жолға қатысты болғанын, бұл мәселелердің басым көпшілігі оң шешімін тапқанын жеткізді.
— Ауыз сумен қамтамасыз ету, электрлендіру, елді мекендерге телефон байланысы желісін орнату, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру мәселелеріне қатысты мәселелер көтерілді. Олардың барлығы оң шешімін табуда. Өткен жылы азаматтарды жеке мәселелері бойынша 45 қабылдау жүргіздім. Көп мәселенің түйіні тарқатылды, түсіндірмелер берілді, – деді ол.
Бүгінгі таңда аудан әкімі Ахметқали Ахашұлы білім саласына да ерекше көңіл бөліп келеді. Ауданымыздың 10 мектебінде ағымдағы жөндеу және 1 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді. Мәселен, «Н. Островский атындағы орта мектеп» КММ-нің қоршауын және жылу жүйесін, «Белаағаш орта мектебі» КММ жылу трассасын, «Ивановка орта мектебі» КММ шатырын, есік-терезе ойықтарын, спорт залын, «Краснопольская орта мектебі» КММ терезелерін, есіктерін және қабырғаларын жөндеу, Шелехова орта мектебінің, Төлеубай Аманов атындағы орта мектептің, Зубаир орта мектебінің, Камышенка орта мектебінің, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің қазандық жабдықтары мен қазандығына, «Төлеубай Аманов атындағы орта мектебі» КММ ғимаратының жылу трассасына, «Песчанская орта мектебі» КММ еденіне ағымдағы жөндеу және «Новопокровка орта мектебі» КММ күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында ауылдық округтің тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мәселен, зейнеткер Болатхан Тукешов: «Ауылдық округте байланыс пен интернет сапасы неге нашар?», – деген сауал қойды.
Аудан әкімі: «Иә, мен бұл мәселені білемін, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына байланыс пен интернетті жақсарту жөнінде тапсырма беремін», – деді ол бұл жөнінде.
Ал, «Бауыржан» шаруа қожалығының басшысы Зайнулла Мендекеев Зубаир ауылының Мира көшесінде электр қуаты төмен екенін айтты. Бұл сауалға Ахметқали Нұрғожин: «Кездесуден кейін электрик сізбен бірге трансформаторға және үйіңізге дейін көлікпен жүріп, электр қуатының кернеуін тексереді», – деп жауап берді.
Округтің зейнеткері Әмина Телжанова ауылда мал басы азайып бара жатқанын, малдың жиі ауыратынын, тұрғындар оның себебі біле алмай отырғанын айтты. Аудан әкімі аталған мәселенің себебін анықтау, тексеру үшін алдағы аптада тиісті маманды, ветеринарды жіберетінін жеткізді.
Бұл күні «Ердос» шаруа қожалығының басшысы Ертай Керебаев Зубаир ауылына су құбыры қашан тартылатынын сұрады. «Су құбырын жүргізу үшін үлкен қаражат қажет, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауымыз керек. Бұл мәселе бір күнде шешілмейді. Қажетті құжаттарды жинау қажет», – деді аудан басшысы бұл мәселе турасында.
Кездесу аясында Ахметқали Нұрғожин ауыл тұрғындары тарапынан қойылған өзге де сауалдарға жауап берді.
Султан Ибрагимов