Отбасын қолдау орталығы ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері және денсаулық сақтау саласының мамандарының қатысуымен брифинг-пресс-конференция өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға көмек көрсету кезінде түрлі мекемелердің өзара әрекеттесу тетіктерін жетілдіру.
Кездесу барысында мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген кезде қызметтер арасындағы жедел байланыс орнату жолдарын талқылады. Жедел әрекет ету – зорлық-зомбылықтың алдын алудағы және зардап шеккендерге уақытында көмектесу ісіндегі маңызды қадам екені атап өтілді.
Спикерлердің айтуынша, зорлық-зомбылық белгісі туралы хабарлама түскен сәттен бастап, әрбір мекеме өз функциясына сай нақты іс-қимыл алгоритмімен жұмыс істеуі тиіс. Брифинг барысында осы алгоритмнің негізгі кезеңдері түсіндірілді: сигналды қабылдау және тіркеу; жағдайды жедел бағалау; полиция, медицина және әлеуметтік қызметтердің үйлесімді жұмысын ұйымдастыру; жәбірленушіні қорғау және қажетті қолдау көрсету.
Жиында ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеу, ақпарат алмасуды жетілдіру және әрбір жағдайға дұрыс, кәсіби деңгейде жауап беру механизмдері қарастырылды. Маман¬дардың пікірінше, үйлесімді әрекет – отбасылық жанжалдардың алдын алып, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Брифинг соңында қатысушылар пікір алмасып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да жергілікті атқарушы органдармен және медицина саласымен бірлесе отырып, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді.
Бородулиха ауданы әкімдігінің
отбасын қолдау орталығы 
