Тұрғын үйлер мен пәтерлердегі өрттер көбінесе отты абайсыз қолдану, электр жабдықтарының ақауы немесе жылыту құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу салдарынан туындайды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің қарапайым, бірақ маңызды ережелерін есте сақтап, орындау қажет.
Негізгі ұсынымдар:
• Тек жарамды электр құралдарын қолданыңыз және розеткаларды шамадан тыс жүктемеңіз;
• Пешті, үтікті, жылытқышты немесе басқа тұрмыстық құралдарды қосулы күйде қараусыз қалдырмаңыз;
• Сіріңке мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
• Киімдерді пештің үстіне немесе электр құралдарының үстіне кептірмеңіз;
• Электр сымдарының жағдайын үнемі тексеріп, қажет болса ауыстырыңыз;
• Пешпен жылыту кезінде мұржаларды уақытында күйеден тазартыңыз;
• Төсекте немесе жанғыш сұйықтық сақталған бөлмелерде темекі тартпаңыз.
Осы қарапайым шараларды сақтау сіздің үйіңізді және жақындарыңыздың өмірін өрттен қорғайды.