Өткен аптада аудан әкімі жұмыс кестесіне орай Жезкент кентіне барды. Сапары барысында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының жұмысымен танысты.
Кент тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп отырған бұл орталықта кабинеттерді, операциялық бөлмелерді аралап, қызметкерлермен әңгімелесті.
Содан кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар амбулаторияны қайта құруға, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарға қатысты мәселелерді көтерді.
Айта кетсек, 8 мыңнан астам адам тұратын Жезкент кентінде амбулаториялық — емханалық көмекті жақсарту үшін күндізгі стационар, медициналық-әлеуметтік бөлімді қамтитын алғашқы медициналық — санитарлық көмек орталығы құрылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орындары терапевтік, педиатриялық, гинекологиялық бейіндер бойынша стационарлық медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ күндізгі және хирургиялық стационарды кеңейту жоспарлануда. Жұмыстан қысқару немесе орынның қысқаруы туралы мәселе жоқ.
Бұдан бөлек, Жезкент кентінің тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығын ашу, кентте түнгі уақытта учаскелік полиция қызметкерлерінің кезекшілік жасауы және көше жолдарын жөндеу туралы өтініш білдірді. Аудан әкімі барлық сұрақтарға түсініктеме беріп, тиісті мемлекеттік орган басшыларына сондай-ақ кент әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.
Су тасқынының алдын алу шаралары да аудан басшысының назарында. Айдар Маратұлы ауылдық округтерге жауапты болып бекітілген орынбасарларына, бөлім басшыларына ауылдардың су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеруді тапсырды. Жауапты мамандар елді мекендерге барып, ықтимал су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейін тексерді.
Өз тілшіміз