Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында көтерілген цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті енгізу мәселесі – уақыттың талабы. Бұл бағыттың болашағы зор екені сөзсіз.
Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында интеллектуалды жүйелерді қолданудың маңызы ерекше. Мысалы, малдың жайылымын бақылау, егіннің өсу кезеңін қадағалау, өнімділікті арттыру, шығынды азайту сияқты көптеген мүмкіндіктер ашылады. Мұндай технологияларды енгізу – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің кепілі.
Егер біз заманауи құралдарды дұрыс пайдалансақ, еңбек өнімділігі артып қана қоймай, жастардың ауылға қызығушылығы да артады. Бұл – ауылды дамытуға серпін беретін маңызды қадам.
Сонымен қатар, цифрлық дамудың тағы бір қыры – мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету саласындағы ашықтық пен тиімділік. Электрондық жүйелер жемқорлықты азайтып, халықтың билікке деген сенімін арттырады. Бұл – қоғамның әділеттілікке негізделген жаңа кезеңге қадам басуының айғағы.
Қоғамдық кеңес мүшелері ретінде біз де халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, цифрлық жаңашылдықтардың артықшылықтарын түсіндіруге дайынбыз. Президент Жолдауында белгіленген реформаларды қолдау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалансақ, ауданымыздың да, еліміздің де дамуына үлес қосып, ауылдық жерлердің әлеуетін арттыра аламыз. Бұл – болашаққа нық қадам басудың кепілі.
Р. АТАЕВА,
Қоғамдық кеңес мүшесі