Бородулиха ауданының Жезкент кентіндегі «Тополёк» балабақшасында ағымдағы жылдың 24 қазан күні Қазақстан Республикасы күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шараны қазақ тілі пәнінің мұғалімі Назым Түсіпқызы Құмашева мен музыка жетекшісі Татьяна Ильинична Мерзлякова мектепке дейінгі даярлық топтарымен бірлесе өткізді.
Мерекелік концерт барысында балалар Отан туралы өлеңдерді нақышына келтіре оқып, қазақ тілінде патриоттық әндер шырқады. Сондай-ақ тақырыпқа сай ойындар мен билер көрсетіліп, бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттері мен өнерге қызығушылықтары байқалды. Педагогтер балаларға Республика күнінің тарихи мәні мен елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Балабақша ұжымы және тәрбиеленушілерге құрметті қонақтар – аудандық мәслихат депутаты мен Жезкент кентінің әкімі арнайы келіп, елдің маңызды мерекесімен құттықтады. Қонақтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, балалар мен тәрбиешілерге табыс, бейбітшілік және береке тіледі. Депутат балабақшаға естелік сыйлық табыстап, ұжым еңбегіне ризашылығын жеткізді.
Жыл сайын дәстүрге айналған бұл мереке балабақшада көтеріңкі көңіл күй мен патриоттық рухта өтті. Мұндай іс-шаралар балалардың бойында отансүйгіштік сезімін, мемлекеттік рәміздерге құрмет пен ел тарихына қызығушылықты қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.
«Тополёк» балабақшасының ұжымы
