Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болары анық. Осы тұрғыда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажеттігін тапсырды.
Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – егемен еліміздің негізгі арқауы. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді, мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі.
Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Осы орайда еліміздің әрбір азаматы Ата Заңымыздың талаптарын орындауға тиіс.
Біздің Бородулиха аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығында ересектер арасында мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын тілі де оқытылады. Тіл меңгеруде ата-ана мен білім ұяларының рөлі ерекше, әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді қолға алуы қажет. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық берілетіні анық.
Тіл – тәуелсіздігіміздің бір бөлшегі. Елдің елдігі өзінің мемлекеттік тілімен өлшенеді. Өз елінде бөтен болмaу үшін әрі өзін жұрт сыйлaуы үшін әр қaзaқстaндық, қандай ұлт болмасын, ең aлдымен мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Егер, хaлық мaқaл-мәтелдерімен, тaлaй ұлылaрымыздың сөздерін алып қарасаңыздар, қаншама ақыл-дария жатыр. Бүгін заман өзгерген. Замандастарымыз ақпараттық технологияны жақсы меңгеруі керек. Ал өз ұлтымыздың кейбір азаматтарымыздың арасында жас кездерінде мемлекеттік тілімізді менсінбей, кейін өкініп, артынан үйренуге талпынып жатқандар да бар. Бүгінгі таңда біздің ауданымыздағы басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, өздері облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүргендерін мақтанышпен айтуға болады. Солардың бірі – біздің орталықта жұмыс атқаратын қазақ тілі пәнінің оқытушысы Виктория Мокроусова. Ол биыл «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты облыстық сайыстың бас жүлдесін жеңіп алып, республикалық жарысқа жолдама алды.
«Тіл шебері» облыстық сайысында Лейла Мамедова, «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық сайыста Вероника Шербакова айрықша көзге түсіп, Алғыс хат пен сыйлықтарды иемденді. Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дәріптейтін осындай жастарымыз көбейе берсін.
Мейрамгүл Атаева,
аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту
орталығының директоры