Тәуелсіздік күніне орай Жезкент кентінің мектеп-лицейінде оқушыларға арналған бірқатар тағылымды іс-шаралар өтті. Іс-шара аясында 11-сынып оқушыларымен «Заң және тәртіп» тақырыбында пікірталас өтіп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арналған ақпараттық сағат ұйымдастырылды.
Пікірталас барысында оқушылар құқықтық тәртіп, заңдылық пен азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады. Мектеп психологтары мен тарих пәнінің мұғалімдері қатысушыларға заң мен қоғамдағы тәртіптің маңызын түсіндіріп, мысалдар арқылы оқушылардың ой-өрісін дамытуға бағытталған сұрақтар қойды.
Ақпараттық сағатта оқушыларға 1986 жылғы оқиғалардың тарихи мәні түсіндірілді. Мұғалімдер сол кезеңнің саяси және әлеуметтік ахуалын, жастардың батылдық үлгісін және оқиғалардың тәуелсіздік жолындағы рөлін таныстырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа заңға бағынудың, құқықтық мәдениеттің және ел тарихын құрметтеудің маңыздылығын жеткізу болды. Пікірталас пен ақпараттық сағат оқушылардың азаматтық санасын қалыптастырып, тарих пен құқыққа деген қызығушылығын арттырды.
Мұндай шаралар жастарды біліммен қанағаттандырып қана қоймай, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Өз тілшіміз
