Аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – ел тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға қатысушылар тарихқа көз жүгіртіп, азаттық жолында ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен күрескен батыр бабаларымызды,1986 жылы алаңға шыққан өр рухты аға ұрпақ ерлігін еске алды.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапоров жылы лебізін білдіріп, тағылымды шараның маңыздылығына тоқталды. «AMANAT» партиясының Бородулиха филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ильяшева егемендік ең қасиетті құндылық екенін тілге тиек етті.
Шара барысында қатысушылар тек тарихи оқиғаларды еске алып қана қоймай, викториналарға, шығармашылық тапсырмаларға белсенді қатысып, тақырыптық бейнероликті тамашалады.
Желтоқсан оқиғаларының қаһармандары – Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев және Сәбира Мұхамеджанованың ерліктері жайлы ерекше айтылды. Шара соңында патриоттық әндер шырқалды.
Расында да халқымыз елі, жері, Отаны, ұрпағы үшін қай кезеңде де өзін құрбандыққа қиса да, артында қалған ұрпағына жарқын болашақ сыйлау үшін қасқайып қарсы тұра білді. Бүгінгі Тәуелсіздік – өршіл хақымыздың қанымен келген қасиетті құндылық.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»