Полицейлердің тәулік бойы жұмысы еліміздің әрбір азаматының құқықтық тәртібіне, қауіпсіздігіне негізделеді. Ішкі істер органдарының көптеген өкілдері жазатайым оқиғалардың алдын алу және күнделікті болатын құқық бұзушылықтарды жою үшін күнделікті аянбай еңбек етеді.
Аубакиров Темірлан Бауыржанұлы Бородулиха ауданының тумасы. Ол Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде білім алып, 2021 жылы университетті аяқтап, бала күнгі полиция боламын деген арманына қол жеткізеді. Мамандығы заңгер-психолог.
Еңбек жолын 2022 жылы Бородулиха полиция бөлімінің жедел уәкілі қызметінен бастап, бүгінгі күнге дейін қызметін жалғастырып келеді.
Жауапкершілігі жоғары жұмысқа бел шеше кірісетін Темірлан, қызметте өзінің қырағылығымен танылып келеді.
«Халыққа қызмет ету жүрекпен атқарылатын жұмыс. Менің жұмысым жақсы физикалық дайындықты, ұқыптылықты және аналитикалық көзқарасты қажет етеді. Бұл қиын жұмыс екенін жасырмаймын, бірақ маған ұнайды. Бақытымызға орай, менің отбасым мен жақындарым бұл жағынан мені қолдайды.
Әрбір жаңа тапсырманы алған кезде мен үлкен жауапкершілікті сезінемін, өйткені қылмыстың ашылуы көбінесе тергеушінің жұмысына байланысты, жұмыс кезінде әрбір ұсақ-түйек маңызды.
Жедел қызметкер – тергеудің «алдыңғы шебінде» жүрген адам, сондықтан мен әрқашан ең қауіпті және төтенше жағдайларға дайын болуым керек. Мен еңбегімнің пайдалы екенін анық білемін, жедел қызметкер екенімді мақтан тұтамын», – дейді Темірлан.
Ел мүддесін биік қойған тәртіп сақшысының қызметіне деген адалдығы жауапкершілік салмағын дәлелдеп тұрғандай. Бұл құндылық әрбір полицейдің бойынан табылуы тиіс қасиет.
Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбегің елеулі болсын! Әрдайым антыңа адал болып, ел қорғаны деген атаққа сай абыройлы қызмет ете бер!
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»