«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында және Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында, 23 шілде күні Абай облысының барлық аумағында жалпыоблыстық сенбілік өтті. Бұл ауқымды шараға мемлекеттік органдар, мекемелер, кәсіпорындар мен өңір тұрғындары белсене атсалысты. Аталған бастамадан Бородулиха ауданы да шет қалған жоқ.
Сенбілік аясында ауданымыздың табиғи символына айналған қарағайлы орманға ерекше назар аударылды. Көктемде абаттандырудың екі айлығы шеңберінде бұл жерде кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілген болатын. Дегенмен жаз мезгілінде орман алқабында тұрмыстық қоқыс қайтадан жиналып қалғаны байқалды. Осыған орай мемлекеттік қызметшілер мен аудандық мекемелердің қызметкерлері қолға қоқыс дорбаларын алып, туған өлкенің табиғатына жанашырлық танытып, орманды тағы да қоқыстан тазартты.
Сенбілік – тек тазалықты сақтау шарасы ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болды. «Таза бор – ең алдымен аудан тұрғындарының мәдениетінің көрсеткіші» деген ұстанымды негізге алған еңбек ұжымдары табиғатқа ұқыпты қараудың үлгісін көрсетті. Бұл қадам жас ұрпақтың қоршаған ортаға деген құрметін қалыптастыруға да ықпал етті.
Сенбілікке Бородулиха аудандық ауруханасының ұжымы да белсенді қатысты. Дәрігерлер қарағайлы орман ішінде орналасқан медициналық мекеме аумағын тазалады. Олардың айтуынша, таза табиғи орта экологияға ғана емес, халықтың денсаулығына да оң әсерін тигізеді.
Бұл күні ауданның барлық ауылдық округтері де облыстық бастаманы қолдап, елді мекендерде санитарлық жұмыстар жүргізді. Көшелер, аулалар, қоғамдық орындар тазаланып, тұрғындардың ауызбіршілігі тағы бір мәрте көрінді.
Сенбіліктер – бір реттік шара емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Бородулиха тұрғындары туған жерге деген сүйіспеншілікті тек сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Тазалықты сақтау – міндет қана емес, заманауи әрі жауапты азаматтың өмір салтына айналуы тиіс.
Бородулиха ауданы әкімінің
баспасөз қызметі