Бородулиха ауданы Достық үйі жанындағы «Ляйсан» татар этномәдени бірлестігі Абай облысы татар қоғамдық орталығының құрылғанына 35 жыл толуына арналған мерейтойлық шараға қатысып, ортақ қуанышқа үлес қосты. Бұл – өңірдің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі.
Осы салтанатты жиынға түрлі ұлт өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері жиналып, татулық пен өзара сыйластықты нығайтудың мәнін тағы бір мәрте айқындады. Мерейтой – тек бір ұйымның ғана емес, тұтас өңірдегі ұлтаралық келісім мен бірліктің мерекесі болды.
Абай облыстық Татар қоғамдық орталығы татар халқының мәдениетін, дәстүрін, тілін сақтау бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ұйымның бастамасымен ұлттық мерекелер, мәдени шаралар, танымдық кездесулер, шығармашылық жобалар ұйымдастырылып, татар диаспорасының рухани байлығын насихаттауға жол ашылуда.
Салтанатты жиында Бородулиха ауданы Достық үйі атынан Облыстық Татар қоғамдық орталығына белсенді жұмысы, көпұлтты қоғамда татулықты нығайтуға қосқан үлесі үшін құттықтау хаты мен естелік сыйлық табысталды. Бұл – екі жақты рухани байланыстың, өзара ынтымақтастықтың, достық қарым-қатынастың символы.
Мерейтой аясындағы басқосу қатысушыларды рухтандырып, халықтың салт-дәстүрін, ана тілін, мәдени мұрасын сақтаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Осындай кездесулер этностар арасындағы бейбітшілік пен бірлікті күшейтіп, мәдениет алмасуына зор мүмкіндік береді.
«Ляйсан» этномәдени бірлестігінің мүшелері бұл шараның мәні ерекше екенін атап өтіп, алдағы уақытта да достық пен өзара қолдауды арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.
Татулық пен сенімге негізделген осындай игі бастамалар өңіріміздегі көпұлтты қоғамның дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үлес қоспақ.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»
