Бородулиха ауданында төтенше жағдайлар бөлімінің жаңа басшысы тағайындалды. Бұл лауазымға азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Аманкелдіұлы Төлеуғазин тағайындалды. Таныстыру рәсімі аудан әкімі міндетін атқарушы Талғат Батырұлы Мұратовтың қатысуымен өтті. Жаңа басшыны Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Данияр Алимкин таныстырды.
Қайрат Төлеуғазин азаматтық қорғау саласында мол тәжірибеге ие. Ол әскери даярлықтан өтіп, кейін бөлім командирінен бастап, әртүрлі құрылымдық бөлімшелердің басшысы қызметтерін атқарды. Жезкент, Бородулиха ауданы өрт сөндіру бөлімдерінде қызмет атқарып, қарауылдарды басқарды, кейін өрт бөлімшелерінің орынбасары және басшысы болды. Бородулиха ауданына тағайындалғанға дейін Жарма ауданында Төтенше жағдайлар бөлімін басқарды.
Таныстыру шарасында тағы бір маңызды оқиға орын алды: бөлімге жаңа қызметтік көлік табысталды. Бұл жаңа көлік төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және жұмыстың тиімділігін арттыру үшін маңызды рөл атқаратын болады.
Жаңа басшының алдына халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және бөлімнің жұмысын тиімді ету міндеттері қойылды.
