Бородулиха ауданында Отбасын қолдау орталығы мен Ішкі саясат бөлімі бірлесіп, білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алуға бағытталған «STOP BULLYING» атты аудандық акция өткізді. Шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында құрметке, түсіністікке және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған мәдениетті нығайту, буллингтің алдын алу және оның зиянын түсіндіру.
Акцияға ауданның барлық мектептері белсенді түрде қатысты. Білім ордаларында мини-фотосессиялар, бейне-челлендждер ұйымдастырылып, оқушылар буллингке қарсы өз көзқарастарын шығармашылық форматта жеткізді.
Жастар қысқа бейнероликтер дайындап, достық пен қолдаудың маңызын, әрбір баланың мектепте өзін қауіпсіз сезінуі керектігін көрсетті. Фото және видео жобалар арқылы олар буллингке жол бермеу – тек педагогтар мен ата-аналардың ғана емес, әрбір оқушының жауапкершілігі екенін атап өтті.
Спикерлердің айтуынша, балалар бастамашыл болып, өз ойларын ашық білдіріп, құрдастарына қолдау көрсетті. Бұл – мектеп ішінде сенім атмосферасын қалыптастырудағы маңызды қадам. Акция барысында ұстаздар мен психологтар да буллингтің алдын алу жолдары, оқушылар арасындағы жанжалдарды шешу тәсілдері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізді.
Шара соңында ұйымдастырушылар аудан мектептеріне белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да бірлескен профилактикалық жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.
Отбасын қолдау орталығы мен Ішкі саясат бөлімі мектептермен бірлесіп, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмысты жалғастырады.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

