Бородулиха ауылындағы стадионда спорт сүйер қауым бас қосып, дәстүрлі Спорт күнін атап өтті. Бұл мереке көптен бері аудан тұрғындары үшін салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды жігерге, бірлікке, достыққа тәрбиелейтін маңызды оқиғаға айналған.
Стадион алаңында ерекше атмосфера орнады: көрермендерден қолдау, спортшылардың жүзіндегі толқу мен қуаныш мерекеге айрықша рең берді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапаров құттықтау сөз сөйлеп, спорттың адам өміріндегі рөліне тоқталды:
– «Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, ол жастарды шыдамдылыққа, табандылыққа, тәртіпке тәрбиелейтін өмір мектебі. Бүгінгі мереке – салауатты өмір салтын дәріптеп, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін ерекше күн», – деді ол.
Мереке аясында ауданның үздік спортшыларының еңбегі лайықты бағаланып, алғыс хаттар табысталды.
• «Спорттық жетістіктері үшін» – Глухов Никита, Баднер Екатерина, Полыгалов Станислав, Ермек Әлмұхаметов;
• «Спорт ардагері» – Болатхан Көкшебаев;
• «Жылдың жаттықтырушылары» – Ботагөз Бизолдина мен Андрей Рафалович;
• «Жыл спортшысы» – Әлішер Ксембаев;
• «Ең үздік спорттық отбасы»;
• «Жылдың ұстазы»;
• «Ең спорттық сынып» – Ә. Бөкейхан атындағы мектептің 7 «А» сыныбы;
• «Ең спорттық округ» – Жезкент.
Күні бойы стадион мен спорттық-сауықтыру кешенінің алаңдарында шағын футбол, волейбол, жеңіл атлетика, көпсайыс, жүзу және арқан тарту жарыстары өтті. Жарыс қорытындысы бойынша:
• Волейбол: 1-орын – Новопокровка, 2-орын – Бородулиха, 3-орын – Жезкент;
• Мини-футбол: 1-орын – Жезкент, 2-орын – Бородулиха, 3-орын – Жаңа Шульба;
• Көпсайыс: 1-орын – Бородулиха, 2-орын – Шульба, 3-орын – Новопокровка;
• Арқан тарту: 1-орын – Бородулиха, 2-орын – Новопокровка, 3-орын – Жезкент;
• Жүзу: 1-орын – Жезкент, 2-орын – Бородулиха, 3-орын – Жаңа Шульба;
• Тоғызқұмалақ: 1-орын – Жаңа Шульба, 2-орын – Новопокровка, 3-орын – Бородулиха.
Жалпы командалық есеп бойынша:
1-орын – Бородулиха,
2-орын – Жезкент,
3-орын – Жаңа Шульба иеленді.
Ауданда соңғы жылдары спорт саласы айтарлықтай дамып келеді. Жаңа спорт алаңдары ашылып, балалар мен жастарға арналған секциялар көбейіп, аудан спортшылары облыстық және республикалық деңгейдегі сайыстарда жетістіктерге жетуде.
Құттықтау сөздер барысында спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбегі ерекше атап өтілді.
– «Әрбір шаңырақта спорт пен қозғалысқа уақыт табылып, денсаулық пен ынтымақ арта берсін. Баршаңызға мықты денсаулық, сергек көңіл-күй және жаңа жетістіктер тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мереке ауыл тұрғындарының басын қосып, спортты насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.
“ЖУ” ақпарат