Өткен аптаның соңында Бородулиха ауданындағы 31 жалпы білім беру мектебінде соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиындар болып өтті.
Айта кетерлігі сол, осынау мейрам — түлектер үшін балалықпен қоштасудың және жаңа өмір жолының бастамасының символы ретінде оқушыларды, ата-аналарды, мұғалімдерді және құрметті қонақтарды біріктірді.
Болып өткен салтанатты шараларға аудан әкімінің орынбасарлары, жергілікті мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшылары қатысты. Олар оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге алдағы уақыттарда жаңа жетістіктерге жету жолында сәттілік тіледі.
Сөз орайында айта кетсек, 2024-2025 оқу жылында Бородулиха ауданы бойынша 11-сыныпты жалпы саны 216 оқушы аяқтады.
Бұл орайда мамыр мен шілде аралығында өтетін ҰБТ-ға қатысуға 151 түлек өтініш беріп, білім беру гранттарын жеңіп алуға талпынуда.
Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткерлер саны — 8, ал үздік аттестатқа — 15 түлек.
Сонымен қатар, алдағы 2025-2026 оқу жылында аудан мектептеріне 1-сыныпқа 431 баланы қабылдау жоспарланып отыр.
Иә, соңғы қоңырау — жай ғана оқу жылының аяқталуы емес, бұл маңызды кезең мен жаңа мүмкіндіктердің символы. Барлық оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды осы ерекше күнмен шын жүректен құттықтаймыз!
Өз тілшіміз