Бүгінгі қоғамда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу – ең өзекті мәселелердің бірі. Ғаламтор мен гаджеттерге тәуелділік артқан заманда жастардың спортқа қызығушылығын ояту оңай емес. Алайда спорт – баланы тәртіпке, төзімділікке, ең бастысы, мақсат қою мен оған жетудің жолдарын меңгеруге үйрететін күшті құрал.
Ауыл мен қала мектептерінде соңғы жылдары спорт үйірмелерінің жандана түсуі қуантады. Бородулиха ауданындағы Төлеубай Аманов атындағы орта мектебінде 2018 жылы Nomad MMA – қазақша үлгідегі аралас жекпе-жек спорты бойынша «Батыр» спорттық-патриоттық клубы құрылды. Клубта бапкер Қуаныш Байболов шәкірт тәрбиелеп, спорт саласына сүбелі үлес қосып жүр.
Бұл клуб бүгінде ауыл балаларына аралас жекпе-жек арқылы тек спорттық шеберлікті ғана емес, тәртіп пен отансүйгіштік рухын сіңіретін ортаға айналды. Қысқа уақыт ішінде клубтың тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық додаларда оза шауып, ел намысын қорғауға дайын екендіктерін дәлелдеді.
Мәселен, 2019 жылы Қарағанды қаласында өткен Азия чемпионатында Нұрай Уатханова мен Әкежан Кеншібаев NOMAD MMA спорт түрінен күміс жүлдегер атанды. Бұл – бапкер еңбегінің нақты жемісі. Сонымен қатар Нұрай Уатханова мен Қазыбек Маһмуд спорт шеберіне кандидат атағына ие болды.
2021 жылы мектепте дзюдо үйірмесі ашылып, Қуаныш Кенжеғалиевич бұл спорт түрінен де шәкірт тәрбиеледі. Дзюдомен айналысқан шәкірттері де бірінен соң бірі биік нәтижелерге қол жеткізе бастады. 2022 жылы Құмаров Арнұр облыс чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, 2024 жылы Нұрай Уатханова қазақ күресінен Абай облысының жүлдегері атанды. Арнұр Құмаров Көкпекті, Жарма аудандары мен Шар қаласында өткен жарыстарда чемпион атанып, аудан мерейін үстем етті.
Биыл, 2025 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық дзюдо турнирінде Санжар Наурызбаев қола жүлдеге, ал Батырхан Кенжеғали облыстық турнирде күміс жүлдеге ие болды. Ақпан айында Төлеубай Аманов атындағы мектепте өткен Абай облысының ашық дзюдо турниріне 200-ге жуық спортшы қатысып, бұл дода жергілікті спорт ортасының серпінді дамып келе жатқанын көрсетті.
Осындай жетістіктердің артында үлкен еңбек пен тынымсыз дайындық жатыр. Қуаныш Кенжеғалиевич – әр шәкіртінің мүмкіндігін дәл бағалап, оларды жан-жақты қолдай білетін, рухтандыра алатын бапкер.
Қуаныш Кенжеғалиұлы Семей қаласындағы Аймақтық Олимпиада резервінің спорт колледжін, кейін Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық университетті тәмамдаған дене шынықтыру және спорт саласының білікті маманы. Еңбек жолын 2005 жылы дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде бастаған ұстаздың бойындағы ұстаздық қабілет пен жаттықтырушы ретіндегі талапшылдығы уақыт өте келе үйлесімді ұштасып, жасөспірімдерге жол көрсетер бағытқа айналды. 2017 жылдан бастап бапкерлік қызметке бет бұрып, оқушыларды кәсіби деңгейде жаттықтыра бастады.
Бүгінде тәрбиелеген спортшылары облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде де танылып үлгерді. Бұл – ұстаз еңбегінің шынайы нәтижесі. Қуаныш Кенжеғалиевичтің қажырлы еңбегі мен шәкіртке деген шынайы қамқорлығы талай жастың тағдырын өзгертіп, оларға үлкен өмірге жол ашуда.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»