Халықаралық балаларды қорғау күніне орай әр шаңырақтың мәні мен сәніне айналған балапандарға арналып аудан көлемінде бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Новая Шульба ауылындағы Балаларды қолдау орталығында арнайы шара өтті. Бұл күн – балалар үшін ғана емес, бүкіл ауыл жұртшылығы үшін ізгілік пен игіліктің нағыз көрінісіне айналғандай.
Шара барысында орталықтың балаларына тәтті сыйлықтар, ойыншықтар мен қажетті тұрмыстық заттар тарту етілді. Балдырғандардың жүзінен төгілген шексіз қуаныш пен алғыс – осы мейрамның басты нәтижесі десе болады. Балалар ән айтып, би билеп, үлкендердің ықыласына бөленді.
Аталған игі шараның ұйымдастырылуына ауылдағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер айрықша үлес қосты. Олар өз қамқорлықтары арқылы балаларға тек материалдық қолдау ғана емес, рухани демеу көрсетті. Бұл – шынайы жанашырлық пен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жарқын мысалы.
Бородулиха ауданы әкімдігі балаларға қуаныш сыйлауға үлес қосқан Т.Оразаев, П.Лазарев, Д.Подкорытов, Е.Лопатин, Р.Молжігітов, Т.Қахаров, Т.Жданова сынжы жомарт жандарға және «Sergey and Yekaterina Didenko Foundation» қайырымдылық қорына алғыс білдірді.
-Сіздердің қолдауларыңыз бен қамқорлықтарыңыз – ізгілік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Бұл игі істер балаларға ғана емес, барша қауымға үміт пен сенім ұялатады. Себебі, баланың жүрегіне мейірім сыйлау – келешекке жасалған ең үлкен инвестиция,- деп атап өтті Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Сапоров.
Өз тілшіміз