Елімізде ауыл балаларының футболға деген ынтасын арттыру мақсатында «Aуыл Футболы» жобасы іске асырылған. 25 қаңтар күні Алматы қаласында осы жобаның үздіктері марапатталды. 15 номинация бойынша іріктелген үздіктер қатарында жерлесіміз, Новошүлбі округінің жаттықтырушысы Ринат Айтхожин бар.
Ауылдық жердегі футболдың көкжиегін кеңейтіп, қолдауға арналған іс-шараға үздік ойыншылар, жаттықтырушылар мен ұйымдастырушылар қатысты. Салтанатты рәсімде ауылды жерде футбол мәдениетін қалыптастырып, дамытуға үлес қосып жүрген жандардың еңбегі аталып өтті.
Ауқымды шарада Новошүлбі ауылдық округінің жаттықтырушысы Ринат Жанатұлы «Үздік қоғам қайраткері» аталымын иеленді. Жастар футболының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жаттықтырушы кәсіби дайындықтың жоқтығына қарамастан, команда құрып, түрлі жарыстарға үнемі қатыстырып, жас ойыншылардың шеберліктерін арттырды. Мол тәжірибесінің арқасында балаларды спортқа баули білді.
Ринат Жанатұлы бірер жыл бұрын тәуекелге бел буып, жігерлі жеткіншектерден команда құрды. Тынымсыз жаттығу мен спортқа деген құлшыныстың арқасында тәрбиеленушілері жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, бірнеше рет аудандық және облыстық турнирлердің жүлдегері атанды.
Алматы қаласында өткен марапаттау рәсімінде Ринат Жанатұлы дайындаған команданың жетістіктері ғана емес, жаттықтырушының футболға деген сүйіспеншілігі мен келешек ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосып жүрген зор еңбегі де айтылды. Оның жастарға сенімі мен жасыл алаңдағы ойынды дамытуға деген ықыласы отандық спорт саласын нығайтуға үлкен септігін тигізіп келеді.
Салтанатты кеш жергілікті әншілердің концерттік бағдарламасына ұласты. Ән мен жырдан шашу шашылды. Үздік ойындар көрсетілді. Осылайша, «Ауыл футболы Awards 2024» спорттың қоғам үшін аса маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кез келген адам өзінің ерік-жігері арқылы футбол мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете алатынын көрсетті. Ал үздіктер қатарынан көрінген Ринат Айтхожин ауылдық жердегі футболдың болашағына бей-жай қарамайтындар үшін жарқын үлгі болды. Оған қарап бой түзеген жастар әлі талай биіктерді бағындыратын болады.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»