3 қараша күні Астана қаласында Қазақстан немістерінің «Болашаққа бағдар» атты форумы өтті. Маңызды жиынға Абай облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Н.Островский атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі, «ЕРЛІК-ДАҢҚ» іздеу жасағының белсенді мүшесі Сергей Иванович Дерксен қатысты.
Форумға еліміздің барлық өңірінен этносаралық өзара түсіністік пен достықты қолдайтын белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері жиналды. Қатысушылар Қазақстандағы көпэтносты қоғамның дамуы, этнос өкілдерінің ел өміріндегі орны, этномәдени бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады.
Іс-шара аясында татулық пен өзара құрметті нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Солардың арасында Сергей Иванович те бар. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ең жоғары қоғамдық наградаларының бірі – «Бірлік» медалімен марапатталды.
Бұл марапат – оның ел тарихын зерттеудегі табанды еңбегінің, іздестіру жұмыстарындағы белсенділігінің, сондай-ақ этносаралық келісімді дамыту жолындағы қызметінің жоғары бағалануы.
Сергей Иванович көптеген жылдар бойы білім беру саласында нәтижелі еңбек етіп, жас буынды отансүйгіштікке және тарихи мұраға құрметпен қарауға тәрбиелеп келеді. «ЕРЛІК-ДАҢҚ» іздеу жасағындағы қызметі де – ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, тарихи жадыны жаңғыртуға қосқан маңызды үлес.
Ұжымдастары мен жерлестері Сергей Иванович Дерксенді лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту жолындағы еңбегі үшін алғыс білдіреді. Оның жетістігі – қазақстандық бірліктің жарқын көрінісі әрі жас ұрпаққа үлгі.
Өз тілшіміз
