Семейде қаланы санитарлық тазалау және көгалдандыру бойынша екі айлық басталды. Енді апта сайын барлық мекемелер мен нысан иелері қатысатын сенбіліктер өткізілмек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев айтты.
Сондай-ақ ол сенбілік жұмыстары пәтерлер мен жеке үйлердің аулаларында да жүргізілуі керектігін айтып өтті.
— Біз мекеме басшыларына қалада санитарлық тазалау мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін хабарлаймыз. Әр шағын және орта бизнес нысандары мен мекемелерге жеке жер телімдерін бекітеміз. Мұндай жұмыс пәтерлер мен жеке тұрғын үй иелеріменде жүргізілетін болады, — деді Амантай Өтелбаев.
Сенбілікте қала тұрғындарына барлық қажетті құрал-жабдықтар беріліп, арнайы техника да жұмылдырылмақ. Қаланың кіреберісімен қоса, зират маңдары да тазаланып, ретке келтіріледі. Қала ішінде дезинсекциялық өңдеу жоспарларып отыр. Ол үшін биыл үш миллион теңге қарастырылған көрінеді.
— Семейде жүзден астам қоқыс үйінділері бар, олардың барлығын шығару керек. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық жұмыстарға келетін болсақ, ол 20 сәуірден кейін басталады. Аталмыш жұмыстарды жағалауларда, су қоймаларының айналасында, Бейбітшілік аралында, 1-ші ықшам ауданда өткіземіз, — деп түсіндірді ТҮКШ бөлімінің басшысы.
Сонымен қатар биыл орталық саябақты жөндеу, электрмен жабдықтау және су құбыры проблемаларын шешу жоспарланған. Жоспар бойынша қалада гүлдер мен 5000-нан астам көшет отырғызылмақ.