Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес милионнан астам адам жер аударылды», – дей келе, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
Жақында аудандық кітапханада Абай облысының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері, топ жетекшісі Тоты Амангелдіқызы Қариева, Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» КММ, ҚР Ұлттық архив қорының және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қабдылғазықызы Қадырова ауданымыздың тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуде Абай облыстық комиссиясының ғалымдары саяси қуғын-сүргін құрбандары, депортацияланған тұлғалар мен олардың ұрпақтары, ата-бабаларының қасіреті туралы жазған куәгерлердің естеліктерін еске алып, халық көтерілістері мен қарсылықтарға қатысушылар, қуғын-сүргін және ашаршылық кезеңіндегі мәжбүрлі босқындар, ГУЛАГ лагерлерінің тұтқындары, соғыс тұтқындары, жер аударылғандар мен арнайы қоныс аударушылар және қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың ұрпақтары жайлы сөз қозғады.
Кеңес билігі жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен, КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар, молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
Кездесуде саяси қуғын-сүргін болған жылдары түрлі зорлық-зомбылыққа ұшыраған, саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша әңгіме өрбіді. Комиссия мүшелері жан-жақты баяндамалар жасап, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ аталған кездесуде ардагерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жұмыс тобы музейлер мен ескерткіштерді көру, тарихи мәліметтерді дерек көзінен жазып алу жұмыстарын жүргізуде.
Азамат Смагулов