Жуырда Павлодар қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында «ALASH JUDO OPEN III PAVLODAR» ашық біріншілігі өтті.
Турнирге еліміздің әр өңірінен және Ресей Федерациясынан келген дзюдошылар қатысты. Атап айтқанда, Новосибирск пен Омбы қалаларынан (Ресей), Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Ақсу, Екібастұз қалаларынан, сондай-ақ Привольный, Ленск, Лебяжі, Атамекен аудандары мен Абай облысы атынан командалар бақ сынады. Семей қаласынан Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектеп-интернатының, Жастар сарайының және №17 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылынан «BATYR CLUB» спорттық-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жарысқа қатысты.
Абай облысының намысын қорғаған командалардың бірі – Бородулиха ауданы, Петропавловка ауылындағы «BATYR CLUB» спорттық-патриоттық клубы. Аталған клубтың жас спортшысы, 29 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Санжар Наурызбаев үлкен бәсекеде қола жүлдені жеңіп алып, аудан абыройын арттырды. Санжардың бұл жетістігі – оның спортқа деген табандылығы мен тынымсыз жаттығуларының жемісі.
Жас спортшының жеңісіне үлкен үлес қосқан – жаттықтырушысы Қуаныш Байболов. Бұл – бапкер мен спортшы арасындағы сенімді қарым-қатынастың, жүйелі дайындықтың нәтижесі.
— Осындай республикалық деңгейдегі жарыста жеңіске жету – ауыл спортшыларының да мықты дайындықтан өтіп жатқандығын аңғартады. Санжар – болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі. Алда әлі талай белестерді бағындырады деп сенемін. Осы ретте жас спортшыларға қаржылай қолдау көрсетіп, демеушлілік жасап жүрген жомарт жандарға алғыс айтқым келеді, – дейді бапкер Қуаныш Кенжеғалиұлы.
Бұл турнир жас дзюдошылар үшін тәжірибе жинақтап, спорттағы әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік болды. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға тартысты бәсеке мен спорттық рух сыйлады.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»