2026 жылғы 4 наурызда Бородулиха ауданының Мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп – саналы ұрпақ, жарқын болашақ» атты форум ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан мектептері директорлары, педагогтар, әлеуметтік және мемлекеттік сала өкілдері қатысты. Форумды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Болатұлы Сапоров жүргізді.
Форум барысында әр баяндамашы балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз етуге қатысты өз тәжірибесін және ұсыныстарын ортаға салды. Полиция майоры Ермек Тұрарқанов өз баяндамасында Бородулиха ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептер мен полиция арасындағы байланыс нығайтылғанын, балалардың қауіпсіздігі басты приоритет болып табылатынын атап өтті. Ол алдын алу шараларын күшейтіп, суицидтік және агрессивті әрекеттерді уақытылы анықтаудың маңызын атап көрсетті. Сонымен қатар, балалар қауіпсіздігі тек полицияның емес, мектеп пен ата-ананың бірлескен әрекетін қажет ететінін жеткізді.
Білім беру бөлімінің басшысы Гульнур Катаева өз баяндамасында 2025–2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында ауданның барлық мектептерінде 4701 оқушыны қамтитын кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізгенін айтты. Ол суицидтік мінез-құлықты алдын алу үшін арнайы тренингтер мен «Сенім жәшіктері», «Bala Qorgau» QR-кодтары сияқты жүйелер белсенді жұмыс істейтінін атап көрсетті. Сондай-ақ, балалардың психологиялық саулығы тек мектептің ғана емес, отбасының да жауапкершілігін қажет ететінін мәлімдеді.
Аудан прокурорының орынбасары Бекжан Бекенов жасөспірімдердің жыныстық қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, 16 жасқа дейінгі балалармен жыныстық қатынас заңға қайшы екенін, 14–16 жас аралығындағы балаларға қарсы азғындық әрекеттер мен 14 жасқа дейінгі балаларға қарсы зорлыққа қатысты қатаң жауапкершілік қарастырылғанын айтып өтті. Сонымен қатар, құқықтық білім мен отбасылық қолдаудың алдын алу ісіндегі рөліне назар аударылды.
Форум қорытындысында полиция майоры Ермұқан Макпунов балалар қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына ерекше мән беріліп, мектептер мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Ол бұл шаралардың саналы ұрпаққа және жарқын болашаққа жасалған нақты қадам екенін атап өтті.
Форум балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне бағытталған нақты іс-шаралардың жүзеге асырылып жатқанын көрсетті. Полиция, білім беру және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы, психологтар мен педагогтардың қатысуы, сондай-ақ цифрлық бақылау жүйелерінің енгізілуі балалардың психологиялық саулығы мен жыныстық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны анық байқалды.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

