2025 жылдың 22 қыркүйегінде Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінде аудандық «Махамбет оқулары» байқауы өтті. Бұл сайысқа ауданның жалпы білім беретін мектептерінен талапты да талантты оқушылар қатысып, ақынның жалынды жырларын жүрекпен жеткізді.
Байқаудың негізгі мақсаты – Махамбет Өтемісұлының ұлтына ұран болған өр рухты шығармаларын насихаттау, жас буынның шығармашылық қабілеті мен эстетикалық талғамын дамыту. Сонымен қатар, оқушылардың тарихи санасы мен дүниетанымын кеңейтіп, оларды отансүйгіштік пен азаматтыққа тәрбиелеу де басты назарда болды.
Шара барысында жас өрендер Махамбет жырларындағы ерлік рухын айшықтап, сөз өнерінің құдіретін көпшілікке танытты. Әрбір қатысушының дайындығы, көркем сөзді меңгеруі мен сахналық шеберлігі әділ қазылар тарапынан жоғары бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша І орынға ие болған оқушылар:
• Азатқызы Медина (Переменовка орта мектебі);
• Мендекеева Назар (Зубаир орта мектебі);
• Жайлауханова Айсұлу (Жезкент орта мектебі);
• Оразаева Айдана (Әлихан Бөкейхан атындағы орта қазақ мектебі).
Жеңімпаздар аудан намысын облыстық кезеңде қорғап, өз өнерін одан әрі шыңдайтын болады.
Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, оларды тарих пен әдебиетке терең бойлауға жетелейді.
«ЖУ» ақпарат