Подхоз Березовка ауылында тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Конституцияның 30 жылдығына орай ауылда жаңа заманауи воркаут-алаң ашылып, жергілікті жұртшылықтың қуанышын еселеді.
Екі жыл бойы есептік кездесулерде Подхоз Березовка тұрғындары балаларға арналған ойын және спорт алаңын салу қажеттігін көтеріп келген еді. Бұл ұсыныс аяқсыз қалмай, нақты іске асырылды. Ашылу салтанатында ауылдың үлкендері мен жастары бас қосып, қуанышты сәттің куәсі болды.
Шара барысында балаларға қызықты ойындар ұйымдастырылып, тәттілер мен футбол доптары тарту етілді. Қызыл лентаны қию құрметі ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Павлович Скоробогатов пен ауылдың жас тұрғыны Карина Сейтжакпароваға берілді.
Жаңа алаң енді ауыл тұрғындары үшін спортпен шұғылданып, денсаулықты нығайтып қана қоймай, бірге бас қосып, бос уақытты тиімді өткізуге таптырмас орын болмақ.
Бұл – шағын ауылдарда да халықтың үнінің ескеріліп, олардың тілектерінің жүзеге асатынының айқын дәлелі.
«ЖУ» ақпарат