Көп жағдайда көмірқышқыл газынан (угарный газ) уланудың негізгі себебі – үй иелерінің пешті пайдалану ережелерін сақтамауы мен өрт қауіпсіздігі талаптарына немқұрайлы қарауы. Ал егер пеш дұрыс пайдаланылып, уақтылы жөнделіп тұрса, жану кезінде бөлінетін газ мөлшері адам өміріне қауіп төндірмейді. Абайластық – уланудың алдын алудың басты кепілі.
Толық жанып бітпеген отынды жауып тастаған пеш – көзге көрінбейтін қауіп көзі.
Отын толық жанып бітті деп ойлаған пеш иелері жылуды сақтау үшін түтін шығатын мұржаның ысырмасын жауып қояды. Алайда ауа жеткіліксіз болғанда баяу жанып жатқан шоқ көмірқышқыл газын бөледі. Ол пештің саңылауларынан үй ішіне өтіп, улануға себеп болуы мүмкін.
Мұржада тарту күші әлсіз болған жағдайда және ауа жеткізілмегенде отын толық жанбайды, соның салдарынан улы газ түзіліп, жиналады. Сондықтан маусым сайын, яғни жылыту кезеңінің басында және соңында түтін жолын тексеріп, сылақтағы жарықтарды жабыстырып, қажет болса, ішін күйеден тазарту қажет. Әсіресе пеш пен түтін құбырының қосылған жерін мұқият қарау керек.
Пеш ұзақ уақыт пайдаланылмаған жағдайда алдымен құбырды қарап шығу қажет. Онда күйе, жапырақ немесе құстардың ұясы жиналып қалуы мүмкін. Сондықтан от жақпас бұрын мұның бәрін тазалау маңызды.
Құрметті тұрғындар! Пешті дұрыс орнатып, қауіпсіздік талаптарын сақтасаңыз, өзіңіздің және отбасыңыздың өмірін өрттен, улы газдан қорғайсыз. Отпен абай болыңыз!