Өткен аптада Құнарлы ауылдық округіне қарасты Песчанка ауылында көптен күткен маңызды оқиға – жаңа шағын футбол алаңының салтанатты ашылуы өтті. Ауыл тұрғындары бұл нысанды бірнеше жылдан бері асыға күткен болатын.
Шараға ауыл балалары, тұрғындар және қонақтар жиналды. Жиынды ашып, құттықтау сөз сөйлеген Құнарлы ауылдық округінің әкімі Григорий Лазарев жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті. Сонымен бірге «AMANAT» партиясының Бородулиха аудандық филиалының атқарушы хатшысы Эльдар Конорбаев тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтап, ауылдың өркендеуіне бағытталған жұмыстар жөнінде айтты.
Эльдар Конорбаев пен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Андрей Баранов алаңның лентасын қиып, жаңа спорт алаңын ресми түрде ашты. Рәсімнен кейін ауыл балалары мен қонақтар жаңа алаңға алғашқылардың бірі болып шықты. Жасыл төсенішпен жабдықталған, ұқыпты жасалған бұл шағын футбол алаңы жастардың басын қосатын, спортқа ынталандыратын ортаға айналары сөзсіз. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Андрей Барановтың жетекшілігімен жас футболшылар көрсетілім жаттығуларын өткізіп, өз шеберліктерін көпшілікке көрсетті. Жасөспірімдердің қуанышты жүздері мен алаңдағы белсенді қозғалысы бұл нысанның ауыл үшін қаншалықты қажет болғанын айқын дәлелдеді.
Сол күні ауа райы суық әрі желді болса да, тұрғындардың қуанышын бәсеңдете алмады. Бұл – Песчанка ауылы үшін көптен күткен арманының орындалған сәті. Адамдардың жүзіндегі қуаныш, жүрегіндегі бірлік пен жылулық бұл оқиғаның маңызын арттыра түсті.
Алаңның құрылысы жазда басталып, күзде толықтай аяқталды. Балалар нысан қолданысқа ресми берілмей тұрып-ақ алғашқы жаттығуларын өткізе бастаған еді. Ал бүгінгі салтанатты ашылу – сол қуанышты күннің ресми жалғасы.
Биыл Песчанка ауылында бірқатар игі өзгерістер орын алды. Ұзақ жылдардан кейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдың бес көшесіне жаңа асфальт төселіп, инфрақұрылым едәуір жақсарды. Енді оған тұрғындарға ортақ демалыс орны болатын жаңа шағын футбол алаңы қосылды. Бұл нысан алдағы уақытқа ауылдың «спорттық жүрегі» болары сөзсіз.
Ауыл тұрғындары болашақта да осындай игілікті бастамалардың жалғасарына сенімді. Песчанка ауылының жаңаруы тек жолдар мен нысандардан емес, адамдардың көңіл-күйінен, жақсыға деген үмітінен байқалып отыр.
Жаңа спорт алаңы ауылдың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор серпін беретін маңызды қадам болып табылады.
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»

