Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясының мүшесі Нұртай Салихұлы Сабильянов жұмыс сапарымен Бородулиха ауданына келді.
Аудан әкімі Айдар Ибраевпен бірге халық қалаулысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында ауылдық округтерде салынып жатқан жаңа әлеуметтік нысандардың – ауылдық клубтар мен спорттық-сауықтыру орталығының құрылыс қарқынымен танысты. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, сапасына назар аударды.
Делегация мүшелері республикалық маңызы бар «Семей – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының жөндеу жүргізіліп жатқан бөлігінде болып, жұмыстың барысын бағамдады. Бұл бағыттағы сапалы жол құрылысы өңір халқы үшін маңызды екенін атап өтті.
Сапардың тағы бір маңызды бөлігі – «Amanat» партиясының аудандық филиалында өткен азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау болды. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ауылдарды дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Көтерілген мәселелердің қатарында ауыл инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік қолдау шаралары және ауыз сумен қамтамасыз ету тақырыптары бар. Депутат пен жергілікті билік өкілдері айтылған мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастыруға уәде берді.
Сонымен бірге, Нұртай Сабильянов ауылдарды ауыз сумен қамтып отырған Белағаш топтық су құбырының қызметімен танысты. Бұл нысанның аймақ тұрғындары үшін маңыздылығы ерекше екені атап өтіліп, алдағы уақытта жүйенің тиімділігін арттыру шаралары сөз болды.
Халық қалаулысының бұл сапары ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігімен жақыннан танысып, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға бағытталды.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»