Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Біртұтас ел – біртұтас жер» ақпараттық-түсіндіру тобы жастармен кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, олардың бойында отансүйгіштік сезімін нығайту және кәсіби бағдар беру жұмыстарына ықпал ету болды.
Кездесуге 9–11 сынып оқушылары, Бородұлиха колледжінің студенттері, бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары, ата-аналар мен қорғаныс істері жөніндегі бөлім өкілдері қатысты.
Басқосу барысында еліміздің Қарулы күштеріндегі қызметтің маңызы, әскери мамандықтың жауапкершілігі мен мәртебесі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Жастарды әскер қатарына шақырудың тәртібі, әскери борышты өтеудің ерекшеліктері мен әскери қызметтің артықшылықтары түсіндірілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Құрмет грамотасымен А.Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінің бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі С.М. Кошалақов марапатталды. Бұл марапат ұстаздың жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудегі еңбегіне берілген жоғары баға болып табылады.
Осындай шаралар жастарға жігер беріп қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауына бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Өз тілшіміз