Өткен аптаның соңында Бородулиха ауылында орналасқан №12 өрт сөндіру бөлімін қайта жарақтандыруға және жаңа өрт сөндіру техникасын тапсыруға арналған салтанатты шара болып өтті.
Атап айтсақ, өткен 2024 жылы шығарылған КамАЗ өрт сөндіру көлігін Абай облысының ТЖД бастығы Манарбек Шапағатов салтанатты түрде табыстады. Аталмыш іс-шараға жергілікті өрт сөндіру қызметінің өкілдері, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасарлары Марат Теміржанов пен Нұркен Қазембековтер арнайы қатысты.
Тоқтала кетсек, аталмыш автокөлік жалпы көлемі 3000 литрлік су багымен, 180 литрлік көбіктүзгішпен және секундына 40 литр су айдай алатын, жүз метрге дейін қысыммен су жібере алатын ерекше сорғымен жабдықталған.
Жалпы жаңа техника өрт шыққан жерге жеке құрамды жедел жеткізуге және суды немесе ауа-механикалық көбікті қолданып, өртті тиімді түрде сөндіруге арналған.
Сонымен қатар, №12 өрт сөндіру бөліміне Aska 9 маркалы портативті жоғары өнімді өрт сөндіру жүйесі, арнайы киімдер және ТОК 800 костюмдері де табысталды.
Аталған автокөлік республикалық бюджет есебінен сатып алынған болатын.
Жалпы соңғы екі жылда Бородулиха ауданының орталығындағы №12 өрт сөндіру бөліміне бір негізгі және үш қосалқы техника бірлігі берілді. Атап айтсақ, бүгінгі таңда жергілікті өрт сөндірушілердің қолданысында «Нива», «Марш», Урал «Вахтовка», Jac T6 сынды қажеттілігі аса жоғары көліктер бар.
Бұл жұмыстар төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жедел дайындығы мен техникалық жарақталуын арттыру мақсатында жүргізілуде және аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер ететіні анық жайт.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт».