Егін жинау науқанына байланысты Бородулиха ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мобильді топпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы алқаптарында өрттің алдын алу бағытында рейдтік шаралар жүргізуде.
Тексеру барысында мамандар ауыл шаруашылығы техникаларының, әсіресе тракторлардың техникалық жағдайына ерекше назар аударды. ТЖБ инспекторлары диқандарға жарамды ұшқын сөндіргіштерді қолданудың маңыздылығын түсіндіріп, әр техникада алғашқы өрт сөндіру құралдары – талды сыпырғыш (хлопушка) пен өрт сөндіргіш болуы міндетті екенін ескертті.
Алайда, рейдтер барысында талаптардың сақталмау фактілері де анықталды. Мәселен, бір жүргізуші жарамсыз ұшқын сөндіргішпен және өртке қарсы құралдар жиынтығынсыз жұмыс істегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың салдары айтарлықтай. Жақында Михайловка ауылы маңында жарамсыз ұшқын сөндіргіш кесірінен он орам шөп тиелген тіркеме жанып, шамамен үш тонна мал азығы жойылды.
Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін өрт қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, әсіресе құрғақ әрі желді күндері қырағылықты арттыруға шақырады.