«Семей орманы» табиғи резерваты аумағында орман өртін ерте анықтайтын жүйе іске қосылды. 14 маусым күні маңызды жобаның таныстырылымы өтіп, оған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов және аудан әкімі Айдар Ибраев қатысты.
Жүйе тәулік бойы жұмыс істейтін оптикалық және термовизиялық камералар арқылы орман аумағын толық бақылайды. Биіктігі 30 метрлік антенна-діңгектерге орнатылған камералар 360 градусқа айналып, түтін мен өрт белгілерін автоматты түрде анықтайды. Қауіп анықталған сәтте сигнал бірден жедел басқару орталығына жіберіледі. Бұл өрт ошақтарын уақтылы оқшаулауға мүмкіндік береді.
— Соңғы кездері орман өрттері жиілеп кетті. Оның басты себептерінің бірі — осындай заманауи бақылау жүйелерінің жеткіліксіздігі. 2022 жылдан бастап еліміздегі бірқатар ұлттық парктер мен табиғи резерваттарда осындай құрылғыларды орната бастадық. Атап айтқанда, «Бурабай», «Медеу», «Көкшетау» және «Ертіс орманы» резерваттарында бұл жүйе оң нәтижесін беріп үлгерді. Биыл 20-дан астам орман шаруашылықтарына осындай жүйені енгізу жоспарланып отыр. Солардың ең алғашқысы осы «Семей орманы» табиғи резерватында орнатылды. Себебі бұл резерват — өрт қаупі жоғары аумақтардың бірі. Жүйе 656 гектар аумақты қамтиды. Сонымен қатар қосымша дрондар да берілді,- дейді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Жүйе болашақта Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару жөніндегі командалық орталығына қосылады, ол тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін республикалық деңгейде орман алқаптарының орталықтандырылған мониторингін қамтамасыз етеді.
— Жыл басынан бері «Қазақтелеком» АҚ Қазақстан бойынша барлық ормандарда орман өртін ерте анықтау жүйесін орнатуда. Бұл — орман өрттерінің алдын алуға таптырмас құрал. Жасанды интеллект технологиясына негізделген жүйе 25–30 шақырым радиуста өрт ошақтарын анықтай алатын арнайы камералармен жабдықталған. Мысалы, бір жерде өрт қаупі туындаған жағдайда жүйе ахуалдық орталыққа бірден ақпарат жібереді. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Яғни бұл жердегі адамның атқаратын қызметі — тек экраннан бақылап, жеткізілген ақпаратты талдау. «Семей орманы» табиғи резерватына келер болсақ, 37 камера және 6 антенналық құрылғы орнатылды. Жалпы еліміз бойынша бұл жобаның жалпы құны — 37 млрд теңге,- деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Гүлім Заманбекқызы