Орман – табиғаттың тарту еткен сыйы, баға жетпес қазынасы. Бородулиха ауданының басты байлығы — қарағайлы орманы. Аймағымыздың ғана емес, еліміздің табиғи байлығы саналатын қылқан жапырақты алқапты қорғау – әрбір азаматтың парызы. Қоршаған ортаны қорғау, әсіресе, тамылжыған тұмса табиғатымен, саф алтындай таза ауасымен ерекшеленетін өлкеде туып өскен ұрпақ үшін қасиетті борыш.
Дүйсенбі күні аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Орманымызды сақтаймыз» атты экологиялық акция өтті. «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында қолға алынған экологиялық шараға аудан әкімі Айдар Ибраев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы өкілдері мен ауылдық округтердің, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Акция аясында құс ұялары орнатылып, спорттық ойындар мен флешмоб ұйымдастырылды. Акцияны қолдауға ниет білдірген «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының қызметкерлері де құстарға ұялар мен жем шашатын орындар әзірледі. «Раушан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Оразаев қатысушыларға табиғат аясында хош иісті палау пісірді. Жеке кәсіпкер Екатерина Ситдыкова табиғат жанашырларына тәттілер мен ыстық шай ұсынды.
«AMANAT» партиясы Бородулиха аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ильяшева мұндай экологиялық акциялардың маңыздылғына ерекше тоқталды. Айтуынша, «Орманымызды сақтаймыз» акциясы келешек ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруға үлес қосады. Табиғат-Ананы аялап, қоршаған ортаны қорғауда жауапкершілік жүктейді.
Ұйымдастырушылар акцияға қатысқандардың барлығына ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың ауданда алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»