«Ол сабырлы, ақжарқын жан. Ұстаздар әулетінде тәлім алғандықтан болар, биязылығымен, әділдігімен дараланатын. Өжеттігі, оқу озаты болғандығы өз алдына. Кешегі ақылды, кең пейілді жан бүгінде өмірдің үлкен тәжірибе мектебінен өтіп, кемелдене түскен». Бұл Құнарлы ауылдық округі аппаратының бас маманы Роза Шотанбекова жайлы сыныптастарының пікірі.
1963 жылы Үржар ауданының бұрынғы Южный ауылында өмірге келген Роза Қаблақатқызы 1971-1981 жылдар аралығында ауылдағы орта мектепте білім алған. 1981 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетіне түсіп, 1987 жылы тамамдады. Қолына диплом алған жас маман еңбек жолын туған өлкесінен бастап, 1997 жылға дейін Үржар ауданында терапевт, педиатр, Южный ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері болды. Ақ халатты абзал жан 2005 жылдан бастап 5 жыл Бородулиха ауданының Песчанка ауылында Песчанка орта мектебінің дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істеді. 2010 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, күні бүгінге дейін Құнарлы ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маман болып еңбек етіп жүр. Өз ісін жан жүрегімен жақсы көретін ол әріптестері арасында абыройға ие.
— Өнегілі өмірімен, еселі еңбегімен ел ілтипатына бөленген Роза Қаблақатқызы қызмет барысында кәсіби біліктілігімен, биік адамгершілік болмысымен, көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленеді. Дер кезінде батыл шешім қабылдап, өзіне жүктелген жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқаратын бас маман округтің өркендеуіне үлкен үлес қосып жүр. Тұрғындармен де жағымды қарым-қатынас орнатып, қандай істі болмасын жоғары дәрежеде ұйымдастыратындығы – кәсіби құзыреттілігінің жемісі болса керек,- дейді ауылдық округ әкімі Григорий Лазарев.
Адал еңбек қашан да құрметке лайық. Роза Шотанбекова округтің, ауданның дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте аудан әкімің, Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері департаментінің грамоталарымен марапатталған.
Қызметте абырой биігінен көрінген абзал жан отбасында асыл жар, мейірімді ана. Отағасы Серікжан Жанелұлымен өмір жарығын сыйлаған екі перзенттерінен төрт немере сүйіп отыр.
Күн сияқты айналасына сәулесін шашып, ізігілік нұрын себетін аяулы ана әрдайым нәзік жандылардың мерейі үстем болуын тілейді.
— Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Әйел біp қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді теpбейді» деген ұлағатты сөзді әйелдің оpны мен мәpтебесіне аpнап айтқандай. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады ғой. Бүгінгі бойжеткен қыздарымыз – ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Нәзік жандылардың басты міндеттерінің бірі – өміpге сәби әкеліп, аналық міндетін лайықты атқару,- дей келе, аруларымыз қызметте жетістікке жетуімен бірге, тұрмысқа шығып, сәби сүйіп, ана бақытына кенелуін тіледі.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»