Жуырда Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен және аудандық мәслихат төрайымы Сәуле Урашеваның қатысуымен аудан әкімдігінің кезекті отырысы болып өтті. Жиында ауданның қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына байланысты негізгі мәселелер қатары қаралды.
Күн тәртібінде ең алдымен ауданның егін жинау науқанының қорытындылары туралы ақпарат тыңдалды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Маратбек Нұркешев ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп, бүгінгі таңда толығымен аяқталғанын баяндады. Жұмыстар уақытылы орындалып, өнімділік көрсеткіштері күтілген деңгейде орын алған.
Жиын барысында сонымен қатар, Бородулиха аудандық Ішкі саясат бөлімінің міндетін атқарушы Анар Оразалина өңірдегі діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша жыл көлеміндегі өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат берді.
Ол өз сөзінде сонымен қатар, діни экстремизм және радикализмнің алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан округтер жайлы да айтып өтіп, әр ауылдық және кенттік округтердегі қоғамдық-саяси және діни ахуал тұрақты екендігін, күнделікті бақылауға алынғандығын да жеткізді.
-Бұл тақырыптар ауданның тұрақты дамуы және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін маңызды болып қала береді. Біз барлық мәселелерді шешу және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз, — деді өз сөзінде аудан әкімі Айдар Ибраев.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»