Бородулиха ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері Ә.Бөкейхан атындағы қазақ мектебінде арнайы кездесу өткізді. Іс-шара барысында Мəлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсу тәртібі, оқуға қабылдау талаптары мен мамандық ерекшеліктері туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге қатысқан оқушылар мен педагогикалық құрамға өмір қауіпсіздігіне қатысты бірнеше маңызды тақырыптар түсіндірілді: жұқа мұздағы қауіпсіздік ережелері; жер сілкінісі кезінде әрекет ету қағидалары; пешті қауіпсіз пайдалану және көміртегі тотығынан сақтану жолдары; өрт қауіпсіздігі талаптары; төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар; балалардың отпен ойнауының қауіптілігі.
Іс-шараның басты мақсаты — оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру. Кездесу барысында балалар практикалық кеңестер алып, өздерін қорғау дағдыларын тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды.
ТЖБ қызметкерлері оқушыларға қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді түсіндіріп, қауіпсіздікті сақтау жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, балалардың сұрақтарына нақты жауап беріліп, әрбір жағдайға қалай әрекет ету керектігі практикалық мысалдар арқылы түсіндірілді.
Мұндай іс-шаралар оқушыларға төтенше жағдайларда салмақты шешім қабылдауды, қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруды үйретеді, сондай-ақ, жастар арасында азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Бородулиха ауданы
Төтенше жағдайлар бөлімі
