Металлургия – қазақстандық өнеркәсіптің жетекші салаларының бірі. Салада еңбек ететін мамандардың қажырлы еңбегі мен шеберлігі еліміздің экономикалық әл-ауқатының берік негізі болып отыр. Қай кезеңде болмасын металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттырушы маңызды күш болса, қазіргі таңда да ел индустриясының тірегі.
Елімізде шілде айының үшінші жексенбісінде Металлургтер күні атап өтіледі. Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев «Шығыстүстімет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Орловка өндірістік кешені қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, кәсіпорынның металлургі Айтан Мұхамеджановты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттады.
Айтан Айтбосынұлының шаңырағына арнайы ат басын тірген Айдар Маратұлы металлургия саласының аудан өміріне, тіпті ел экономикасына ықпалды әсері барын, кеншілердің еңбегі құрметке лайық екенін атап өтті.
Айтан Мұхамеджанов 1971 жылы туған. Саналы ғұмырын металлургиямен байланыстырған кенші -бүгінде білікті маман, жастарға жол көрсетуші тұлға.
— Металлургия – ел экономикасының тірегі. Біз осы салаға үлес қоса отырып, мемлекеттің дамуына ықпал етудеміз. Аға буын негізін салған, біздің буын жалғастырып жатқан мамандықтың ендігі керегесін кеңейтетін жаңа толқын екендігін ұмытпай, жастарға үнемі қолдау білдіруіміз керек. Бүгінде өндіріске бет бұрып жатқан жастардың металлург мамандығына деген қызығушылығы көңіл қуантады. Кәсіби мерекемен барша металлургтерді құттықтай отырып, еңбектеріне табыс тілеймін! – деді Айтан Мұхамеджанов.
Марапат иегері еңбегінің жоғары бағаланғаны үшін алғысын білдірді.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»