Семей қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысы жарияланды. Бұл игі дәстүрге айналған байқау – қоғамдағы отбасының орнын дәріптеп, еңбекқорлық пен бірліктің үлгісін көрсетуді мақсат етеді.
Абай облысы көлемінде өткен сайысқа түрлі аудан мен ауылдардан үлгілі әулеттер қатысты. Солардың қатарында Бородулиха ауданының Андреевка ауылдық округінен Бегалиндер мен Арқабаевтар отбасылары да болды.
Бегалиндер әулеті – еңбектің қадірін біліп, жастарды тәрбиелеуде өнегелі ісімен танылып жүрген отбасы. Ал Арқабаевтар отбасы – ауылдың әлеуметтік өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан жанұя.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімінде облыс әкімі Бейбіт Уәли сөз сөйлеп, отбасылық құндылықтардың қоғам үшін ерекше маңызына тоқталды. Ол еңбектің, бірліктің және сыйластықтың үлгісін көрсеткен әулеттерге алғыс білдіріп, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды табыстады.
«Мерейлі отбасы» байқауы жыл сайын ел ішінде еңбекқор, тату-тәтті отбасылардың беделін арттырып, өскелең ұрпаққа өнеге болуда.
Ш.АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»