Кеше, 3 маусым күні Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәуле Урашева, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған Бородулиха ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Альви Мартаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жүргізіліп жатқан мониторинг жұмыстары жайлы баяндады. Ол бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде бақылау жүргізілетінін, сауда нүктелерімен өзара келісімдер жасалып жатқанын атап өтті.
Келесі сөз кезегі ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ернат Мотышевқа берілді. Ол мемлекеттік органдардағы іс жүргізудің мемлекеттік тілде жүзеге асырылу деңгейіне тоқталды. Жыл басынан бері құжат айналымында мемлекеттік тілдің үлесі артып келе жатқанын атап өтті.
— Мемлекеттік тілде іс жүргізу тәуелсіздікті нығайтудың, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырудың және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. Мемлекеттік тілде құжат айналымының үлесін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар оң динамика мен одан әрі дамудың жоғары әлеуетін көрсетеді,- деді Ернат Еркінұлы.
Ернат Еркінұлының айтуынша, алда мемлекеттік тілдегі құжат айналымы деңгейін 95 пайызға дейін арттыру жоспары бар. Сонымен бірге, бірыңғай іс жүргізу стандарттарын әзірлеу және енгізу, тіл үйрету курстардың саны мен білім алатын қызметкерлер қатарын арттыру, заман талабына сай мемлекеттік тілді қолдайтын электрондық жүйелерді пайдалануды кеңейту жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.
Жиында соңғы сауал бойынша Бородулиха ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Күзембаев баяндады. Ол тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасына, ашықтық пен қолжетімділік мәселесіне назар аударды.
Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Айдар Маратұлы айтылған ұсыныстарды назарға алып, әр бөлімге нақты тапсырмалар жүктеді.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»