Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызмет бабында тұрақты қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы керек. Оның қазіргі қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күннен күнге арта түсуде. Президент жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында мемлекеттік тілдің маңыздылығын әрдайым айтып келеді.
Осы орайда, мемлекеттік органдар да мемлекеттік тілді дамыту барысында айтарлықтай жұмыстар атқарып, тіліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Себебі, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметшілердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады.
Жуырда Бородулиха ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер арасында аудандық байқау өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен жастар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Жалпы, аудандық байқауға ауылдық округтерден 7 үміткер қатысты. Байқауға ауданымыздың Жезкент кентінен, Переменовка, Новодворовка, Жаңашүлбі, Андреевка ауылдық округтерінің мемлекеттік қызметшілері мен аудан орталығындағы өрт сөндіру, аудандық статистика бөлімінің мамандары қатысып, өз білім-біліктерін сарапқа салды. Байқау 4 кезең бойынша өтті. Бірінші кезең – «Мен мемлекеттік қызметшімін» деген тақырыпен ұйымдастырылды. Бұл кезеңде әрбір қатысушы өздерін толықтай бейне жазбамен таныстырса, «Тапқыр» деп аталған екінші кезеңде қатысушылар тарих, әдебиет, өнер, мәдениет, тіл тақырыптары бойынша бейнежазба арқылы келіп түскен сауалдарға жауап берді.
Қатысушылар сайыстың «Қазақ сөзі» деп аталған үшінші кезеңінде мақал-мәтелдерді әрі қарай жалғастырса, «Жер-судың аты – тарихтың хаты» тақырыбында өткен төртінші кезеңде үміткерлер өздеріне берілген түрлі сауалдарға жауап беріп, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті, бұл шығармашылық сайыс қатысушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтап қана қоймай, шеберліктерін шыңдады.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, төрт кезеңнің қорытындысы бойынша, әділқазылардың шешімімен жүлделі үшінші орынды Андреевка ауылдық округінің маманы Гүлжанат Жанатқызы, екінші орынды Бородулиха аудандық статистика басқармасының басшысы Арайлым Ғабиденқызы, бірінші орынды Бородулиха өрт сөндіру бөлімінің маманы Ерасыл Рахибердин иеленді.
Байқауға Жезкент кентінен, сондай-ақ Переменовка, Жаңашүлбі мен Новодворовка ауылдық округтерінен келген Мадина Мұхамеджанова, Алексей Ван-Чун –Тин, Кристина Латрайдер, Яна Ан да байқауға белсене қатысты.
Барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар, мақтау грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Ауданымызды өткізілген іс-шараларға қатысқан азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілгі көп жайтты аңғартты. Себебі, өңіріміздің әрбір мәдениетті азаматының өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін білуі – парыз, ал мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі.
Мейрамгүл Атаева,
Бородулиха аудандық
мемлекеттік және басқа
тілдерді оқыту
орталығының директоры