Бородулиха ауданында мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын күшейтуге бағытталған маңызды кездесу өтіп, онда аудандық Білім бөлімінің басшысы мен Бородулиха колледжінің директоры оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
Кездесудің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтар туралы нақты, мазмұнды ақпарат беру, кәсіби бағдар жұмысын жүйелеу және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқушы тарту бағытындағы шараларды үйлестіру болды. Кездесуде негізгі бағыттар талқыланды.
Колледж бен мектептердің тығыз байланысын күшейтіп, техникалық мамандықтардың мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау жоспарланды. Бұл – жастардың кәсіби таңдауын саналы жасауына ықпал ететін маңызды қадам.
Бородулиха колледжі өз базасында мектеп оқушыларына арналған тәжірибелік сабақтарды, шеберлік сағаттарын, мамандықтар бойынша ашық есік күндерін тұрақты түрде өткізбек. Бұл оқушыларға нақты кәсіби ортаны көріп, таңдаған мамандықтың қыр-сырын түсінуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында дуалды оқыту жүйесін кеңейту мәселесі де талқыланды. Теорияны өндірістегі тәжірибемен ұштастыру – түлектердің жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Мектеп пен колледж арасында кәсіби бағыттағы іс-шаралар күнтізбесін бекіту, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту, кәсіпорындармен үшжақты байланыс орнату бойынша келісім жасалды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, өңір жастарының сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасауға ортақ мүдделілік танытты.
Бірлескен жүйелі жұмыс – ауданның білім беру саласының дамуына, ал жас ұрпақтың өз болашағын дұрыс таңдауға жол ашатын маңызды бастама.
Ынтымақ пен серіктестік – бәсекеге қабілетті болашақтың кепілі!
«ЖУ» ақпарат
