Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігіе ерекше назар аударуды тапсырды. Ол үшін, әлбетте, аграрлық саланы дамыту, етектегі егін алқабы мен төскейдегі мал басы санын арттыру қажет. Бородулиха өңірінде мал шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып отырған шаруа қожалықтарының бірі — «Возрождение» қожалығы.
«Мал баққанға бітеді» деген ойды мықтап санасына құйған еңбекқор жас, қожалық басшысы Бақтияр Байғожинов жер алып, біртіндеп мал басын көбейтіп, оны асылдандырып, бүгінде шаруашылығын кеңейтіп отыр. Мал шаруашылығының да машақаты аз емес. Аға-бауырлары Талғат пен Мадияр жылқылардың жем-шөбін беріп, күтім жасауға көмектеседі.
Бүгінде етті мал бағытындағы 150-ден астам жылқы малын жемдеп отырған шаруалар нарыққа сапалы, таза табиғи ет өнімін ұсынып отыр.
Еңбек етуге ниетті халыққа мемлекет тарапынан да қолдау бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде Бақтияр Байғожинов субсидия алып, шаруашылықтың техникалық базасын жаңартты. Бүгінгі күні екі жаңа тракторы, оның қосалқы бөлшектері бар. Еңбекқор жан алдағы уақытта да асыл тұқымды мал басын арттырып, материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздеп отыр.
Әйгерім ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»