Еңбек ескерусіз қалмайды. Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев Красный Яр ауылын су шаю қаупі төнген кезде жедел қимылдап, қауіптің алдын алуға ықпал еткен күш құрылымдары өкілдеріне құрмет көрсетті.
Аудан әкімі төтенше жағдайлар бөліміне арнайы барып, бірқатар қызметкерлерге марапаттар тапсырды. Айдар Маратұлы үлкен тәуекелді қажет ететін маңызды қызметті абыроймен атқарып, өз істеріне адалдық танытып жүрген құтқарушылардың еңбегі құрметке лайық екенін атап өтті.
Бұл күні марапатталған қызметкерлердің бірі – Бородулиха ауылының № 12 өрт сөндіру бөлімінің командирі Еркебұлан Бизолдин.
— Сәуір айының басында біз Красный Яр ауылында су деңгейінің күрт көтерілгендігі туралы хабар алдық. Тасқын су қатты қарқынмен ағып, тұрғын үйлерге қауіп төндірді.
Біздің құтқарушы топ жедел әрекет етіп, ең алдымен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Қарттар мен балалы аналардың үйлерінен шығуына, заттары мен құжаттарын алуына көмектестік. Су басу қаупі төнгенде алғашында тұрғындардың зәре-құты қашты. Бірақ бізге сенім артып, сабырлылық танытты.
Екінші кезекте тұрғындардың малын қауіпсіз жерге айдап апарып, уақытша қоршау ұйымдастырдық. Ауыл азаматтарымен бірлесіп, иық тіресе әрекет еттік. Бірнеше күн бойы тәуліктік кезекшілік ұйымдастырдық. Су сору, бөгеттерді нығайту және басқа да тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілді. Бірлігіміз бен берекеміздің, жедел әрі дұрыс әрекет етуіміздің арқасында қауіп сейілді. Тұрғындардың риясыз көңілін, алғысын естігенде шаршап-шалдыққанымыз, суға малынғанымыз, барлық қиыншылықтар ұмытылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Міндетке адал болу – парыз,- деді Еркебұлан Рысқалиұлы.
Өрт сөндіруші қызметі қайсарлықты, шыдамдылықты талап етеді, төтенше жағдайларда тез шешім қабылдай білу қажет. Күйзеліске төзімділік те қажет. Бородулиха аудандық ТЖБ басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, қызметкерлер төтенше жағдайларға сақадай сай болу үшін үздіксіз жаттығулар өткізіледі. Іс-шара барысында «Өрт сөндіруші кроссфит» жарысы ұйымдастырылды. Құтқарушылардың дайындығын тексеруге арналған бұл жарыста өрт сөндірушілер физикалық дайындықтары мен шыдамдылықтарын, үйлесімділікпен әрекет ету қабілеттерін көрсетті.
Айдар Маратұлы бұл күні Красный Яр ауылына су тасқыны қаупі төнген кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен Бородулиха аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерін де марапаттады.
Полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын үйлесімді ұйымдастыруға атсалысқан болатын.
— Абыройлы қызметтеріңіз үшін алғыс айтамыз, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз!- деді Айдар Маратұлы.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»