Аудандық мәслихаттың XXVII сессиясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға «Бородулиха ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Сессия жұмысына аудан әкімі Айдар Ибраев, аудандық мәслихат төрағасы Сәуле Урашева, депутаттар корпусы, дербес бөлімдердің, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Құрметті атақ мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еңбек етіп, ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген Рыскүл Әбузарқызы Атаева мен Сергей Николаевич Лазуринге, ішкі істер саласында 28 жылдан астам абыройлы қызмет еткен Орал Жексенғалиұлы Садықовқа, Орел өндірістік кешенін басқарудағы жетістіктері үшін Евгений Васильевич Косыхқа берілді.
Сондай-ақ бұл жиында өңірді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ерлан Әмірбекұлы Зайтеновке «Абай облысының құрметті азаматы» атағы және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына орай «Құрметті депутат» арнайы атағы берілді.
— Бүгін елге адал қызмет жасап, құрметіне бөленген жерлестерімізге ауданның ең жоғары наградасы – «Бородулиха ауданының құрметті азаматы» атағын табыстадық. Еңбегімен елеулі болған азаматтарға ауданының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айта отырып, лайықты марапаттарымен құттықтаймын!- деді Айдар Маратұлы.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»