Новошульбі ауылдық округі әкімдігі ғимаратында Бородулиха ауданы прокурорының орынбасары Е.Жұматаев жергілікті еңбек ұжымдарымен кездесіп, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған кеңейтілген түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараға «Қызыл Партизан» ЖШС КХ, «Agro Unity» ЖШС және «Лазарев и К» ЖШС қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығын күшейту, еңбек қатынастары саласында жиі кездесетін мәселелерді алдын алу және құқық бұзушылықтың түрлі түрлерін болдырмау.
Прокурордың орынбасары еңбек заңнамасының маңызды тармақтарына тоқталып, жұмыс беруші мен қызметкердің құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе еңбек қауіпсіздігі, өндірістік жарақаттардың алдын алу, жұмыс орнындағы тәртіп пен жауапкершілік мәселелері ерекше назарда болды.
Сонымен қатар, жиын барысында отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты құқықтық нормалар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау тақырыптары да талқыланды. Алаяқтықтың түрлері, оның алдын алу жолдары және тұрғындарды сақтандыру шаралары жөнінде нақты мысалдар келтірілді.
Кездесу жыл сайын өңірдегі құқықтық мәдениетті арттыру, еңбек ұжымдарымен байланыс орнату, қоғамда заңға деген құрметті нығайту мақсатында өткізіліп тұратын профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.
Шараға қатысқан қызметкерлер күнделікті жұмыс барысында маңызды болып табылатын көптеген сұрақтарына жауап алды. Осындай ашық диалог алаңдары еңбек ұжымдарының құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, ауданда құқық бұзушылықтардың алдын алуда үлкен рөл атқарады.
А. НЕСІПБАЕВА

